Аскароғлының соты: сот сарапшылар тұжырымын жоққа шығарды

0
980

Нейрохирург тәуелсіз маман ұсынған баланың бас сүйегінің суреттері отаға дейін түсірілгенін айтты.


Аскароғлының соты: сот сарапшылар тұжырымын жоққа шығарды

ERNUR.KZ. Алматыда «өз ұлын өлімші етіп сабады» деп айыпталған Мұрат Асқароғлының ісіндегі тәуелсіз сарапшының қорытындысы жоққа шығарылды. Бүгін сот бүлдіршіннің басына 3D технологиясы арқылы зерттеу жүргізген сарапшының тұжырымын іс материалдарына тіркеуден бас тартты, деп жазады Almaty.tv.

Ол бұған дейін баланың жарақаты жол апатынан болған деп мәлімдеген еді. Алайда Прокурор эксперттің Сот сарапшылар палатасына мүше еместігін алға тартып, оның қорытындыларын негізсіз деді. Сондай-ақ, жантүршігерлік жайттан соң балаға ота жасаған дәрігер де сарапшының қорытындысына күмән келтірді. Себебі нейрохирург тәуелсіз маман ұсынған баланың бас сүйегінің суреттері отаға дейін түсірілгенін айтты.

«Бірден айтайын, бұл отаға дейін түсірілген. Олай дейтін себебім, өйткені сүйек сынығы көрініп тұр», – Алматы қалалық «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының» дәрігері Мұхтар Ибрагимов.

Дәрігер зардап шеккен баланың жарақатының нақты неден болғанын дөп басып айта алмады. Есесіне, оның басынан басқа жерінің барлығы сау еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ бүгін тергеу кезінде жеткіншекпен жұмыс істеген психологтан да жауап алынды. Маман кішкентай Мұхаммедтің есінде сол күнгі сұмдық еміс-еміс қалғанын айтты. Бүлдіршін психологқа тек өзін қара түсті көлік қақты деп қысқа қайырған екен.

«Бала өзін машина қаққан соң біреудің төсекке жатқызғанын және көзін ашқанда бірінші әкесін көргенін жеткізді. Қазіргі уақытта Мұхаммед Асқароғлы басынан өткен жайтқа байланысты ешқандай артық жауап бере алмайды. Баланың ақыл-есі әлі дұрыс дамымаған және кішкентайлар барлық жайтты тез ұмытады», – деді Алматы қаласы бойынша сот сараптамасы институтының психологы Әлия Мұхамәди.

«Айтыңызшы, кішкентай балаға «осылай айт» деп үйрету мүмкін бе? Оған «осылай айт» деп құлағына құю мүмкін бе? Әдетте балалар шындықты айтады ғой қашанда?», – деді Асқароғлы шырылдап.

«Әр бала қоршаған ортаның ықпалына беріледі. Оған үлкендер айтарлықтар әсер етеді», – деді психолог.

Айта кетейік, «өз ұлын өлімге қиды» деп айыпталған Мұрат Асқароғлының соты алқабилердің қарауымен өтіп жатқанына жарты жылдан асты. Ал, жантүршігерлік жайт былтыр шілдеде орын алған. Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, жоқ жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, баланың туған әкесінің қолына кісен салынды. Ол ұлын «мазамды алғасын ұрдым» деп кінәсін мойындаған. Алайда сот басталғанда Асқароғлы алғашқы жауабынан айнып, мұндай іске бармадым деп азар да безер болды.