Әскерден табытпен қайтқан: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталды

0
468

Тергеу амалдарында көрсетілген деректер жауапқа алынған куәгерлердің сөзімен сәйкес келмейді.


Әскерден табытпен қайтқан: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталды

Әскерге барып, 5 күннен кейін үйіне табытпен оралған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.

Марқұмның туыстары бүгінге дейін оларға бұл іс жайлы толық мәлімет берілмегенін айтты. Ал тергеу амалдарында көрсетілген деректер жауапқа алынған куәгерлердің сөзімен сәйкес келмейді.

18 жастағы мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың дүниеден өткеніне бүгін 4 ай болды. Бүгінгі ашық сот отырысына марқұмның туыстары да қатысты. Олардың айтуынша, сержанттар мен офицерлер бұл оқиғаға байланысты бүгінге дейін түрлі дерек айтып келген. Туыстары қай ақпаратқа сенерін білмейді. Олар балаларының қалай және кімнің қолынан қаза тапқанын анықтамай қоймайтынын айтты.

«Біздің Әлібектің өлімі туралы неше түрлі ақпарат айтылды. Қайтыс болған күні 2 тарелка каша жеді деді. Баланы жер қойнына тапсыратын күні уланып қалды деді. Ең соңында мынандай. Әділдікке жетеміз деп ойлаймыз. Себебі қолымызда сержанттардың жауапсыз жұмыс жасағаны туралы қағаздары да бар», – деді Ә. Қалбайдың туысы Динара Тілесова.

Ал Алматы облыстық әскери прокуратурасы болса Әлібектің өліміне өзімен бірге барған 18 жастағы Айболат Аманжоловты кінәлі деп отыр. Оның үстінен ҚК 440-бабы бойынша іс қозғалған. Тағылған айыпта көрсетілгендей, ол марқұмды көк ала қойдай сабаған, жұдырықпен бірнеше мәрте ұрған. Аманжолов өзінің қылмыстық әрекетін жалғастырып, Қалыбайдың іш және оң жақ бұғана тұсынан бірнеше соққы жасаған. Алдында бара жатқан өзінің қызметтесі Қалыбайды артынан итеріп жіберген. Ал қамауда отырған Айболат Аманжоловтың анасы бұл айыптаулардың бәрі ойдан құрастырылған дейді. Ол бүгінгі алғашқы сот отырысына Атыраудан арнайы келіпті. Арада 4 ай өтсе ананың көз жасы құрғамаған ол баласының адам өлтіруге бармайтынын айтып, сөз сөйледі.

«7 баланың – тұңғышы. Үйге үлгілі. Жаман болса айтар едім. Төбелесіп, көше қаңғып жүретін қылығы жоқ. Көршілер Айболатжан деп еркелетіп жүреді. Ағайынның бәрі де шошып жатыр, кішкентай бала адам өлтіре алмайды», – деді күдікті А. Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісова.

Адвокат айтуынша, Әлібектің өлімін тек бір балаға артып қоймау керек. Сол күні кезекшілікте болған офицердің бәрі де жауапқа тартылуы тиіс. Қажет болса, Әлібекпен бір әскери бөлімде болған 176 сарбаздың әрқайсысынан жауап алып, сотқа шақырту керек деп ұсыныс білдірді. Адвокаттың бұл ойын судья қолдай ма, жоқ әлде қанағаттандырусыз қалдырады ма, белгісіз.

«Оқиға орнында болғанын көрсеткендігі өз дәделін тауып жатқан жоқ. Бұл жерде іс үстіртін жүргізілген. Сарбаз Отанын қорғауға мемлекетіне келген жерде оған жауапты өзімен қатарлас сарбаздары емес, оған тікелей жауапты қызмет басында отырған әскери мамандар», – деді Ә. Қалбайдың адвокаты Гүлайым Шынтаева.

Қайғылы жағдай болған кезде Әлібекпен бірге кезекшілік қызметте болған сержант бүгінгі сот отырысына қатысқан жоқ. Ол Қордай ауданындағы әскери бөлімнен Жамбыл облысына қызметін ауыстырған. Судьяның айтуынша, алдағы процестерде одан міндетті түрде жауап алынады.

Еске салайық, 18 жастағы Маңғыстау облысының тумасы Әлібек Қалбай ақпан айында мерзімді әскери қызметін өтеу үшін Қордай ауданындағы 30/212 мотоатқыштар бөліміне қабылданады. Арада 5 күн өтпей жатып, туыстарына оның өлімі туралы хабар келген.