​Әскери қызметшілер алдағы 6 жылда баспанамен толық қамтылады - ТҚЖБ

0
1 416

Қазақстанда шамамен 70 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады.


​Әскери қызметшілер алдағы 6 жылда баспанамен толық қамтылады - ТҚЖБ

ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 мың әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несие алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Банктың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, берілген несиенің жалпы сомасы - 16 млрд теңге. Үй сатып алуға арналған несиелер жылдық 6-8% мөлшерлемемен және «Әскери өнім» арнайы бағдарламасы аясында берілді.

Бұл бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2018 жылы әскери қызметшілерді қолдау мақсатында іске қосқан болатын. Алғашқы несие 2018 жылдың 5 қыркүйегінде рәсімделді.

Банк ұсынып отырған жеңілдетілген несиенің үш түрі бар. Ал шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдап алған пәтеріне байланысты анықталады.

Әскери қызметшілер тарапынан қайталама нарықтан (қолданыстағы үйлер) үй сатып алуға сұраныс көп. Мұндай несиені алу үшін 20% көлемінде бастапқы жарна құю қажет. Несие жылдық 8% мөлшерлемемен беріледі. Бұл бағытта банк 427 несие рәсімдеген.

Сұраныс тұрғысынан екінші орында тұрғаны - 5% көлеміндегі бастапқы жарнамен берілетін несие. Мұнда әскери қызметші тек жаңадан салынған немесе салынып жатқан үйді таңдай алады. Жылдық мөлшерлеме - 7%. Бұл мүмкіндікті 338 адам пайдаланған.

Ал, алғашқы жарна үй бағасының 20%, жылдық мөлшерлеме 6% құрайтын үшінші бағытта 32 несие берілген.

Бұған қоса, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін қайта қаржыландыру үшін 218 несие ресімделген.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылуда. Жыл соңына дейін 6 мың әскери қызметшіге несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді.

«Осы жылы пулға өте алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра бере алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды, оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3% дейін баратынын айта кету керек. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады. Яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді», - деп түсіндіріп өтті «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жалпы алғанда жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірген. Пулға ең көп ұпай жинаған қатысушылар енді. Ұпай санына бірінші кезекте, үміткердің әскери қызметтегі еңбек өтілі ықпал етті.

Қазақстанда шамамен 70 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл - тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.