Астана әкімдігіне кіру үшін көз қарашығы сканерленуі мүмкін

0
1 475

Мұндай технологияны пайдаланып жатқан компаниялар өте көп.


Астана әкімдігіне кіру үшін көз қарашығы сканерленуі мүмкін

ERNUR.KZ. «Астана Hub» бас директоры Әділет Нұрғожин Қазақстанда енгізіліп жатқан озық технологиялар жөнінде айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жалпы, жобалардың саны өте көп. 2018 жылы «Астана Hub» акселерациялық бағдарламалардан өткен 60 жоба шығарды. 150-ден аса жоба инкубациялық кезеңнен өтті. Өз-өзін ақтап жатқан жобалар да бар, олар үлкен инвестиция тартып үлгерді. 2018 жылдың нәтижесімен бөліссек, жарты жылда жобаларымызға 300 млн теңгеге жуық инвестиция тартылды», - деді Әділет Нұрғожин.

Сарапшы «Клокстер» технологиясы туралы да тілге тиек етті. Оның көмегімен адам көзінің ішкі тор қабығы сканерленіп, ғимаратқа кіріп-шығу уақыты бақыланады.

«Бұл жобаға нарықта сұраныс бар. Пайдаланып жатқан компаниялар өте көп. Ішкі инвестицияларды айтпағанда, олар халықаралық нарыққа шығып үлгерді. Келіссөздер жүргізіп, Сингапур инвесторларының инвестициясына қол жеткізіп үлгерді. Бұл жоба «Астана Hub» технопаркінің мақтанышы десек те болады», - деді спикер.

Оның айтуынша, «Клокстер» технологиясын мемлекеттік органдар да орната бастайды.

«Бұның да ауылы алыс емес. «Клокстер» Астана әкімдігімен пилоттық режимде жұмыс істей бастады (...) Келісімдер жөнінде нақты мәліметтерді білмеймін. Бірақ, Астана әкімдігіне саусақ іздері мен көздің ішкі тор қабықшасы арқылы кіріп-шығу мәселесі қаралып жатыр», - деді ол. Бұл ретте, сарапшы аталған жобаның қашан жүзеге асатынын айтпады.