Астана қаласындағы көшелердің біріне өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілмек

0
441

Көшеде қаза болған азаматтың бюсті орнатылады.


Астана қаласындағы көшелердің біріне өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілмек

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласындағы көшелердің біріне өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілетін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.

Сондай-ақ сол көшеде қызмет жолында 3 адамның өмірін құтқарамын деп қаза болған азаматтың бюсті орнатылады. Бұған дейін Президент Асқар Серікұлын І-дәрежелі "Айбын" орденімен наградтаған еді.

"Сол күнгі оқиға әлі көз алдымда", - дейді сол күні Асқармен бірге көпқабатты үйдегі өртті сөндіруге көмектескен әріптесі Назымхан Тұрсын.

Ол қызметтесінің алғашында пәтерден екі адамды аман алып шыққанын, кейін үшіншісін құтқарамын деп өз басын қатерге тіккенін айтады.

"Дәл сол сәттегі жаужүректігі, қайсарлығы сана сандығымда мәңгі сақталмақ. 11-қабатқа құтқару арқаны арқылы түсіп, пәтердегі зардап шегушілерге өзінің тыныс алу аппаратын беріп, қауіпсіз жерге шығарған. Әріптесіміз туралы айта кетсек, өте ержүрек, батыр. Өкінішке қарай, қатарымыздан кетті", - деді өрт сөндіруші.

Асқар туралы сөз бастағанда әріптестері кідірместен оның батырлығын айтады. Ол өрт сөндіру қызметіндегі 7 жылында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Сан мәрте қызыл жалын құрсауынан көпті аман алып шығып, қызметін қалтқысыз атқарған. Қоғамдық жұмыста белсенді, ұжымда үлгілі. Қарашада қыршын кеткен Асқардың ақжарқын бейнесі олар үшін енді тек естелік қана.

"Өзі гарнизонда барлық шараларға қатысып жүрген қызметкер еді. Біздің спортшымыз. Батыр жігіт қой. Кешегі жасаған ерлігін естіп жатырсыздар. Өзінің өмірін қатерге тігіп, талай адамдарды құтқарды", - деді ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің бастығы Назарәлі Селімов.

Қарашадағы қайғы көптің қабырғасын қайыстырды. Асқардың артында қос бірдей қызғалдағы, жары қалды. Ердің есімін ел жадында жаңғырту үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен бас қаладағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.

Күні кеше батырдың отбасына Президент көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын!" - делінген жеделхатта.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі өрт сөндірушінің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған еді. Мұнымен қоса, 3 млн соммасында несиесін өтеуге көмек көрсетіледі.