​Астана тұрғыны жақындарын «жерлеуге» көлік жалдап, алаяқтық жасап келген

0
1 219

Елордада қайтыс болған жақын адамын жерлеу үшін көлік жалдап, кейін жүргізушіден қарызға ақша алып бой тасалап келген алаяқ ұсталды.


ERNUR.KZ. Елордада қайтыс болған жақын адамын жерлеу үшін көлік жалдап, кейін жүргізушіден қарызға ақша алып бой тасалап келген алаяқ ұсталды. Қалалық ІІД-ден мәлім еткендей, қылмыскер осы сценариймен бірнеше адамды сан соқтырған, деп жазады ҚазАқпарат.

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 43 жастағы азамат С. жеке көлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысатындарға жүгініп, жақын туысының қайтыс болғанын және оны жер қойына тапсыру үшін ауруханадан алып кету қажеттігін айтқан. Бұл ретте ол шалғайдағы елді мекендерді атап, мәйітті жеткізіп бергені үшін қомақты қаржы төлеуге уәде беріп отырған.

«Медициналық мекеме жанына келгеннен кейін жүргізушілердің аңқаулығын және аяушылық сезімдерін пайдаланған күдікті, құжаттарды рәсімдеу үшін жүргізушіден ақша сұраған. Оны көрсеткен қызметі үшін төлейтін сомамен бірге қайтарып беретіндігін айтқан. Ақшаны алғаннан кейін күдікті ауруханаға кіріп, басқа есіктен белгісіз бағытқа бой тасалап отырған. Қазіргі уақытта күдікті дәл осындай жолмен бірнеше мәрте алаяқтық жасағаны анықталды», - делінген департамент таратқан ақпаратта.

Мәселен, 11 маусымда азамат С. жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің біріне келіп, қалалық ауруханадан баласының мүрдесін алып, елді мекендердің біріне жерлеу үшін жеткізу қажеттігін және бұл қызметке 100 мың теңгеден астам қаражат төлейтіндігін айтқан. Ұсынысқа келіскен жүргізуші аурухана аумағына келген. Сол уақытта азамат С. жүргізушіден қарызға 2300 теңге алып, ғимараттың қабылдау бөлмесіне кіріп кетіп, қайта оралмаған. Дәл осындай жолмен күдікті тағы бір азаматты алдап кеткен. Ол ауруханаға келгеннен кейін «Газель» көлігінің жүргізушісіне туысының мәйітін діттеген жерге жеткізіп бергені үшін қомақты қаражат төлейтіндігін айтқан. Сонымен қатар жүргізушіден қарызға 7 мың теңге және қоңырау шалу үшін ұялы телефонын алып, белгісіз бағытқа бой тасалаған.

«Кешенді жедел іздестіру шарасы барысында азамат С. ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды. Тергеушілер оның алаяқтың әрекетінен келген шығын сомасын анықтап жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Астана қалалық Ішкі істер департаменті осындай алаяқтық әрекетке тап болып, алайда қандай да бір себептермен шағымданбаған азаматтарға мына телефон нөмірлері бойынша Алматы аудандық ішкі істер басқармасына жүгінуді сұрайды: 8 (7172) 71-67-10, 71-67-90, немесе 102», - деп атап өтеді баспасөз қызметі.