​Астанада асық ататын алаң болады

0
2 872

Гүлзар аумағына он орындық орнатылады. Бүгінгі күні балаларға арналған ойын құралдары әкеліне басталды


​Астанада асық ататын алаң болады

ERNUR.KZ. Бас қаладағы жаңадан салынып жатқан гүлзардың бірінде асық ойнауға арналған алаң болады. Үш шеңберден тұратын ұлттық ойын алаңы бір мезгілде 10-нан аса адамды сыйдыра алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ elorda.info порталына сілтеме жасап.

Жаңа гүлзар Пушкин көшесі, 15б мекен-жайы бойынша орналасқан. Бұған дейін ол жерде екі қабатты апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үй болған. 2015 жылы аталған үй сүріліп, оның орнына гүлзар салу туралы шешім қабылданған.

Гүлзар аумағында балалар алаңдары мен спорт алаңы болады. Дене шынықтыруға арналған арнайы спорттық жабдықтар орнатылады. Жоба бойынша гүлзар құрылысы 30 маусымға дейін аяқтауы тиіс. Мердігер компания өкілі Медияхат Темірбаевтың айтуынша, бүгінгі күні жұмыстың 90 пайызы аяқталды.

«Бұйырса, мерзімінен бұрын тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні ағаштар отырғызылып, газон себіліп жатыр. Бұл гүлзардың ерекшелігі онда ұлттық ойын асық ойынын ойнауға арналған алаң болады. Алаң үш деңгейлі шеңберден тұрады. Біз өз тарапымыздан бір өзгеріс жасайық деп, асық алаңының жанына ою салдық», - деді ол.

Гүлзар аумағына он орындық орнатылады. Бүгінгі күні балаларға арналған ойын құралдары әкеліне басталды.

«Балалар құралдары мен орындық және басқа да қондырғылардың барлығы Алматы қаласында жасалынды. Жүз пайыз отандық өнім. Бұған қоса, гүлзар аумағындағы жарық шамдарының барлығы қалалық жарық желілеріне қосылған. Күн сайын белгілі уақытта гүлбақ аумағындағы шамдар қосылып, сөндірілетін болады», - деді мердігер компания өкілі.

Айта кетейік, Астана әкімдігі қалада сүрілген апатты үйлердің орнына қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеп және спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында жаңа гүлзарлар мен бульварларлар салып жатыр. Атап айтқанда, биыл Астананың 120 гектардай жері қалалықтарға саябақ пен гүлзар ретінде қайтарылады.