Астанада бір отбасының 5 мүшесі тамақтан уланды

0
940

Тағамнан уланғандардың арасында балалар да бар.


Астанада бір отбасының 5 мүшесі тамақтан уланды

ERNUR.KZ. Астана қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов үйде тамақтан уланудың жекелеген оқиғаларына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарында ғана емес үйде дайындалған тамақтан да уланып қалуға болады. Әсіресе, мейрам кездерінде қажетті азық-түлік дер уақытында сатып алынып, түрлі тағам, салат, кондитерлік тәттілер дайындалады.

«Мейрам күндері үйде дайындалған тамақтан уланудың негізгі себебі жеке гигиена ережелерін сақтамау, дайындау технологиясын, температура, сақтау режімін бұзу саналады. Мәселен, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жұқпалы аурулар ауруханасына бір отбасының 5 мүшесі ішек инфекциясымен түсті. Ең кішісі - 13 жаста. Улану себебі - қаймақ тұздығына бұқтырылып пісірілген ет пен саңырауқұлақ. Тамақтың құрамына ас дайындағанға дейін 20 күн бұрын ашылған қалбырдағы тұздалған саңырауқұлақ пен жарамдылық мерзімі өткен қаймақ қосылған. Тамақ қалдығына жүргізілген зертханалық сараптама барысында қозықұйрық саңырауқұлағы мен қаймақтан ішек таяқшалары табылған», - деді ол.

Департамент басшысы дерегінше, 2018 жылы елорда тұрғындары арасында өткір ішек инфекциясына шалдығудың 1230 оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 734 бала ауырған.

«144 оқиғада ауруға үйде дайындалған сапасыз өнім, 137 оқиғаға жуылмаған жеміс-жидек пен көкөніс және 84 оқиғаға жеке гигиена ережелерін сақтамау себеп болған», - деді Садуақас Байғабылов.