Астанада мамыр айында газ тарту жұмыстары басталады

0
1 202

Астанада 1 текше метр газ құны 50 мың теңге шамасында болатыны көзделуде.


Астанада мамыр айында газ тарту жұмыстары басталады

ERNUR.KZ. Мамыр айында Астана қаласында орталық газ құбырын тарту жұмыстары басталады, деп жазады 24.kz.

Елорданы газдандыру жобасы жалпы үш кезеңге жоспарланған. Құрылыс монтаждау жұмыстарының жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрап отыр. Бірінші кезеңге 27 млрд теңге қажет. Алдымен көгілдір отын 3 Жылу электр орталығына, сондай-ақ Көктал-1, Көктал-2 және Оңтүстік-шығыс шағын аудандарына жеткізілетін болады.

«Газ құбырын көшелер бойына тартамыз. 7-10 үйге ортақ бір жәшік болады. Қала мамандары кварталішілік желілер жасауда, жәшіктер қойып, есептеу құралдарын орнатып жатыр. Сол жерден кез келген азамат алдын ала рұқсат ала отырып, қосыла алады. Тұрғындарды қосудың әдістемесі осындай болады», - деді қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Атап өтілгендей, жобаның екінші кезеңінде қаладағы 4 тұрғын алабы газдандырылады. Оның ішінде Тельман, Қаламаңы шағын ауданы және Family Village бар. Үшінші - соңғы кезеңде көгілдір отын Ильинка кентіне және Шубар шағын ауданына тартылады. Сондай-ақ орталықтандырылған газға жаңадан салынатын көпқабатты үйлер де бірден қосылып отыратын болады.

«Құрылыс жобасында еш өзгеріс болмайды. Жаңа шағын аудан пайда болса, оған жеке қазандық қоса салынады. Газ тарту жүйесін енгізу арқылы жылу таратамыз. Қаланың шетінде салынып жатқан тұрғын жайлар осылайша жылыту орталықтарына қосылады», - деді қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Әнуарбек Есенәлиев.

Бүгінде Астанада 22 мыңнан аса жер үй бар. Олар табиғи газбен 2023 жылға қарай толығымен қамтылмақ. Мамандар бір жылда үш ЖЭО 430 млн текше метр газ жағуы мүмкін екенін, бірақ сұйық отынмен қоса, басқа да жылыту көздері пайдаланылатынын болжап отыр. Астанада 1 текше метр газ құны 50 мың теңге шамасында болатыны көзделуде.