Астанада сақтау мерзімі өтіп кеткен азық-түліктермен оқушыларды тамақтандырған

0
1 362

Астанадағы беделді мектепте бастауыш сынып оқушыларын мерзімі өткен және сапасыз азық түлікпен тамақтандырған


Астанада сақтау мерзімі өтіп кеткен азық-түліктермен оқушыларды тамақтандырған

ERNUR.KZ. Астанада Катар мемлекетін дамыту қорының қолдауымен салынып, 2018 жылдың қыркүйегінде ашылған №85 мектеп-лицейдің ата-аналары әлеуметтік желілерде бұзылған лимондар, шошқа етінен жасалған шұжықтар мен сақтау мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерге шағымданды, деп жазады ҚазАқпарат.

«85 мектеп-лицейдің ата-аналары балаларының іштері ауырып құсқандарын айтып, тамақтың сапасына шағым түсіргеннен кейін бұл мәселені көтеріп отырмыз. Комиссия асханада тексеру жүргізді, барлығы суреттер мен видеода тұр. Балық пен күріш Қытайда өндірілген, азық-түліктердің сақтау мерзімі өткен және сапасы төмен, шұжықтар шошқа етінен жасалған және т.б. Осылармен бастауыш сыныптың оқушыларын тамақтандыруда», - деп жазды «Астана - Не? Қайда? Қашан?» тобында Facebook қолданушысы Раушан Нұрғалимова.

Елордадағы білім беру басқармасы осы фактілерді тексерді. Азық-түлік жеткізушілермен, ана-аналар қоғамдастығы және мектеп әкімшілігімен кездесу ұйымдастырылды.

«Ата-аналардың шағымындағы барлық фактілер расталды. Кездесу қорытындысы бойынша жеткізушілерге болашақта осындай бұзушылықтарға жол бермеу және осындай фактілерді болдырмау бойынша қабылданған шаралар туралы хабарланды. Мектеп әкімшілігіне болашақта тамақтың сапасын тексеру және азық-түліктерді сақтау шараларын бақылау бойынша сарапшылық комиссия жұмысын күшейту тапсырылды», - деп жауап берді білім беру басқармасында.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен оқу жылынан бастап Астанадағы мектеп асханаларында ата-аналар қоғамдастығының өкілдерімен бірлесіп мониторинг жүргізілуде.

«Ата-аналардың белсенділігінің арқасында көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Барлық мектептерде тамақтану сапасын бақылайтын сарапшылық комиссия жұмыс істеуде. Оған мектеп қызметкерлері, медицина мамандары, сондай-ақ ата-аналар қоғамдастығының өкілдері кіреді», - деп атап өтті білім беру басқармасының баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, осы мектептегі балаларды тамақтандырумен айналысатын компания өкілдеріне асхананы жабдықтауға 15 млн теңге салынған. Оқу орны Астанада жаңа оқу жылының басында салтанатты түрде ашылған.

Бірінші қыркүйек күні оған Мемлекет басшысы барған болатын.