​Астанада үздік жас ақын анықталды

0
2 059

Ең үздік 30 ақынның шығармалары кітап болып басылып шығарылды.


​Астанада үздік жас ақын анықталды

Шығармашылық байқауға төрт жүзге жуық ақын қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы іске асырудың аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай жас ақындар арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары, танымал ақындар мен жазушылар, Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының басшысы, сондай-ақ, көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

«Байқау жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығын қолдап, дамытуға бағытталған. Жоба биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Біз жыл сайын жобаның деңгейін арттыруға тырысамыз. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ақындар қатысты. Сондықтан біз әрқайсысының шығармашылығын бағалау үшін 10 жүлдегерді анықтадық», – дейді Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

Байқау үш тақырып бойынша өтті: «Астана – жастардың жүрегінде», «Астана – жиырмадағы жас қала» және «Еркін тақырып». Байқаудың жеңімпазы атанған Шығыс Қазақстаннан келген Дания Сатбекқызына 300 мың теңге ақшалай сыйақы берілді. Екінші орынды еншілеген Оразай Жеңісұлы мен Абай Араз 200 мың теңгені иеленді. Үшінші орынның иегерлері Ақылжан Нағашыбай, Медет Божан, Әйгерім Күкееваға 100 мың теңге табысталды. «Ең үздік 4 ақын» номинациясының жеңімпаздары 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды.

«Мен үшін төрт жүз ақынның арасында жеңімпаз болу – үлкен бақыт. Бұл күтпеген жағдай болды. Мен жарысқа қатысатыным туралы шешімді аяқ астынан қабылдадым. Ұстазым Айбек Қалиев шақырып, осындай жарыс өтетінін айтты. Ол кезде өтінім беру мерзімінің аяқталуына екі күн қалған болатын. Өлеңдерімді екі күннің ішінде жаздым», – деді байқаудың жеңімпазы Дания Сатбекқызы.

Ең үздік 30 ақынның шығармалары кітап болып басылып шығарылды.