Атқа отырамын деп қызметінен кеткен генерал лауазымды қызметке тағайындалды

0
690

2019 жылдың мамырында генерал-майордың видеосы қоғамда қызу талқыланған болатын.


Атқа отырамын деп қызметінен кеткен генерал лауазымды қызметке тағайындалды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып Дүйсембаев Аян Сәбитұлы тағайындалды, деп жазады tengrinews.kz.

Аян Сәбитұлы 1966 жылы Атырау облысында туған, білімі жоғары, "жаттықтырушы" және "құқықтану" мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы Атырау облысында Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы қызметінен бастаған. 1993-1995 жылдары Қазақ дене шынықтыру және спорт институтында мұғалім болды. 1995-1999 жылдары кәсіпкерлік қызметпен айналысты. 1999-2019 жылдар аралығында Ішкі істер органдарында қызмет етті: Алматы, Астана, Атырау қалаларының Жедел басқармалар бастығы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде департамент бастығы, кейін Атырау облысының Полиция департаментінің бастығы болды.

Еске салайық, 2019 жылдың мамырында генерал-майордың видеосы қоғамда қызу талқыланған еді. Видео кадрларынан Аян Дүйсенбаевтың жұрттың алдында атқа отырғанын көруге болады. Қоғамдағы бұл жайт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Ол ІІМ басшысына қызметтік тексеріс жүргізуді және қатаң шара қабылдауды тапсырған.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысы болып Дариға Саломатқызы Кесикбаева тағайындалды. Дариға Саломатқызы 1980 жылы туған, білімі жоғары, "заңгер" мамандығының иесі. Өзінің еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облысы Сот қаулыларын орындау департаментінің ұйымдастыру-талдау бөлімінің жетекші маманы қызметінен бастаған. 2001 - 2014 жылдары Соттар әкімшісінің Атқару өндірісін және сот приставтарының қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, кейін Сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы.

2014-2019 жылдар аралығында Маңғыстау облысының әділет департаментінің Атқару өндірісін есепке алу және бақылау бөлімінің басшысы, кейін департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айы аралығында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Азаматтық хал актілерін тіркеу мен апостиль қоюды әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басқармасының басшысы болған. 2019 жылдың 6 желтоқсанынан бастап Маңғыстау облысының Әділет департаментінің басшысы болған.