Атырау облысында оқтан жараланғандардың жағдайы қалай

0
525

​Оқиға орнында полицция жұмыс істеуде.


Атырау облысында оқтан жараланғандардың жағдайы қалай

ERNUR.KZ. Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы тас жолдың бойындағы атыс салдарынан жараланған бес адамның жағдайы белгілі болды. Қазіргі күні оқиға орнына полиция жасағы қойылған, деп жазды inbusiness.kz.

Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы тұсындағы төбелес салдарынан бес адамның жарақат алып, бір адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз. Қазіргі күні полиция қызметкерлері оқиға орнында қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған.

Жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, тәртіп сақшылары Сағыз ауылын тәулік бойы патрульдеп, күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

"Атырау облысы полиция департаментінің жедел-тергеу тобы ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабының 2-бөлігі, яғни адам өлтіру бабы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқтан ауыр жараланып, ауруханада емделіп жатқан үш адамның жай-күйі жөнінде мәлімет берді.

Олардың ішінде, "ашық енген (пытырамен атылған) бас-ми жарақаты, мидың орташа дәрежелі соғылуы, сол көзінің ауыр дәрежелі соғылуы" диагнозымен жатқан, денесіндегі көптеген оқ жаралары бар науқастың жағдайы ауыр бірқалыпты. Екінші науқастың көзі сау болғанымен, сол жақ қолтығындағы жара кесілген, жағдайы ауыр бірқалыпты, нейрохирургия бөлімшесінде. Тағы бір адам кеудесі мен аяқ-қолынан жараланып, басы мен бетіне оқ тиген, сол көзі жарақаттанған. Қазіргі кездегі жағдайы орташа ауыр, бірқалыпты, жедел хирургия бөлімшесінде ем алуда екен. Олардың барлығы да 1985 жылы туғандар.

Болжам бойынша, ауыл тұрғындары өзара келіспеушілік салдарынан жанжалдасқан.