Атырауда балабақша қызметкерлері коронавирус жұқтырды

0
936

Мектепке дейінгі мекемеде Covid-19 алдымен күтушіден анықталған.


Атырауда балабақша қызметкерлері коронавирус жұқтырды

Атырау облысында №30 қалалық балабақша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, мектепке дейінгі мекемеде Covid-19 алдымен күтушіден анықталған.
"8 маусым күні күтуші балабақшаға ЖРВИ белгілерімен келген. Сол күні таңертеңгілік тексеріс кезінде ол тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханаға жіберілді. 11 маусымда күтушіде коронавирус инфекциясының бар екендігі расталды, - дейді Атырау қалалық білім бөлімінің бас маманы Айжан Есмағамбетова.
Инфекция жұқтыру жағдайы тіркелгеннен кейін, 12 маусым күні «Жұмбақ» балабақшасы жұмысын тоқтатты. Мекемеге толық дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, 60 адам тексеруден өтті. 15 маусымда талдау нәтижелері белгілі болды.
"Тест нәтижесінде, балабақшаның тағы екі қызметкерінен нақтырақ айтсақ, тәрбиеші мен аула тазалаушыдан аурудың асимптоматикалық түрі анықталды. Олар оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Ал, балабақша күтушісі инфекциялық стационарға жатқызылды, оған тиісті хаттамаға сәйкес ем жүргізілуде", - деді Айжан Есмағамбетова.

Айта кетейік, 15 маусымда қалалық білім бөлімінің бұйрығымен №30 «Жұмбақ» балабақшасы өз жұмысын тоқтатты. Мектепке дейінгі мекемеге жаппай дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Карантиндік шектеулер алынғаннан бастап, балабақшаға 230 бала келген. Тәрбиеші мен күтуші жұмыс істеген топта 23 бала болған. Балаларда коронавирус инфекциясы анықталмады.