Атырауда ковид такси 60-тан астам тұрғынға қызмет көрсетті

0
628

Ковид-таксилер барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген.


Атырауда ковид такси 60-тан астам тұрғынға қызмет көрсетті

Атырауда ковид-такси қызметі 60-тан аса тұрғынға қызмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірде 14 шілдеден бастап ковид-такси өз жұмысын бастаған.
Бүгінде аталған қызмет түрі 60-тан аса атыраулыққа қызмет көрсетті, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, қазіргі уақытта жүргізуші мен фельдшер маманынан тұратын ковид-такси қызметін Атырау мен Құлсары қаласында 7 бригада жұмылдырылған.

- Ковид-таксилер барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жүргізушілер де қорғаныш киімдерін қалай пайдаланып, науқасқа қандай көмек көрсету керектігін біледі. Қажеттілік туындаған мезетте олар фельдшерге жәрдемдесе алады, - деп түсіндірді Наргиз Баймолдаева.

Қазіргі уақытта ковид-такси бригадасы түнгі ауысыммен жұмыс істейді, нақтырақ айтқанда тұрғындар бұл қызмет түріне кешкі сағат 17:00-ден таңғы 09:00-ге дейін жүгіне алады.

- Қажеттілік туындаған жағдайда, ковид-такси бригадасының саны ұлғайып, тәулік бойына қызмет етеді. Дегенмен, қазіргі уақытта күндізгі бригаданың өзі жұмысты атқарып жатқандықтан, оған негіз жоқ. Көрсетілген әр қызметтен кейін көліктер міндетті түрде тазартылып, өңделеді, - деді. Наргиз Баймолдаева.

Ковид-такси науқастарға ем тағайындау парағын толтырмайды. Шұғыл ауруханаға жатқызу керек азаматтар болса, оны ауруханаға жатқызу үшін жедел жәрдем бригадалары шақырылады. Ал, аталған қызмет түрін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қаржыландыруда. Ковид-такси бригадасының қызметі ақысыз түрде жүзеге асады.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында 36 тәжірбиелі дәрігерден құралған call-орталық ашылған болатын. Мұнда мамандар тәулігіне 24 сағат коронавирустың жеңіл түріне және вирустық инфекцияларға шалдыққан науқастарға үйден емделуге қатысты онлайн кеңес береді. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде жедел жәрдем шақыртушылар саны 1300-ден 900-ге дейін азайды.