Атырауда оқушылар мектепте ботаникалық бақ жасақтап, тоты құс өсіріп жатыр

0
1 445

Мұқыр ауылының мектебіндегі ботаникалық бақ бір жыл бұрын ашылған.


Атырауда оқушылар мектепте ботаникалық бақ жасақтап, тоты құс өсіріп жатыр

Қызылқоға ауданындағы Мұқыр орта мектебінің оқушылары ботаникалық бақта тотықұс пен тасбақа, балықтың бірнеше түрін өсіреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облысы білім басқармасының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

Мұқыр ауылының мектебіндегі ботаникалық бақ бір жыл бұрын ашылған. Білім ордасының фойесіндегі бақты күту-баптау ісіне оқушылар жұмылдырылған.

«Мектептегі ботаникалық бақ оқушылардың табиғатты сүюіне ықпал етеді. Сол себептен, мұнда түрлі гүлдер мен тотықұс, тасбақа, бірнеше балық өсіріліп жатыр. Тотықұс пен тасбақаны, балықтарды қоректендіру, суын ауыстыру, өсімдіктерді баптау 6-7, 8-9 сынып оқушыларына жүктелгеніп отыр. Оқушылар бұл іспен тәжірибелік тұрғыда айналысумен шектелмей, ғылыми жобаларды қорғауға дайындалады. Біздің мақсатымыз – балаларды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға баулу» - дейді Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағалиева.


Мектептегі «Жас натуралистер» үйірмесінің жетекшісі, биолог Мейрамгүл Медининаның айтуынша, оқушылар тірі табиғатты күтумен бірге, зерттеу жобаларын қоса жүргізеді.

«Үйірмеде 11-14 жас аралығындағы оқушылар төрт топқа бөлінді. Әр топтың өз міндеті бар. Мәселен, оқушыларымыз Нұрай Сисенбай мен Салтанат Жұмабай республикалық деңгейде өткен «Табиғатты аяла» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, «Жасыл оазистер» аталымында бірінші орынды жеңіп алды. Олар сайыстың республикалық кезеңінде үшінші орынды иеленді. Қазір тағы бір оқушы Елена Беркінғали «Қызыл құлақты тасбақалардың тіршілігі» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын дайындап жатыр» дейді Мейрамгүл Мединина.