​Атырауда Тәуелсіздік мерейтойына арналған «Түйе палуан» сайысы өтті

0
2 971

Түйе палуан» сайысы аясында жергілікті кәсіпкерлер екі мүмкіндігі шектеулі жасқа қаржылай қолдау білдіріп, арнайы сертификат тапсырды.​


​Атырауда Тәуелсіздік мерейтойына арналған «Түйе палуан» сайысы өтті

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қазақ күресінен ересектер арасында ұйымдастырылған «Түйе палуан» сайысын көріп, жеңімпаздарды марапаттады», деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Сайысқа өңірдің ауыр салмақтағы палуандары қатысып, бақ сынады. Іс-шара «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы шеңберінде «Бәйтерек» спорт клубының жүлдесіне арналды.
«Бүгін сіздер нағыз білекті де жүректі палуандардың қуатты күресі қандай болатанын көрсеттіңіздер. Қазақ халқының төл өнерінің тарихы тереңде. Ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық күресімізді дамыту мен қолдау жастарымызға да үлкен руһ береді. Олардың намысын жанып, нағыз ер-азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді»,-деген аймақ басшысы Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық спорт түрлерінің де жанданып келе жатқанына тоқталды.
Оған әрбір спортшының өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айта келе облыста да спортқа айрықша көңіл бөлінуде екенін атап өтті.
«Жыл санап спорттық клубтар мен ірі кешендер саны артуда. Оларда дайындалатын жас буынның да қарасы қалың екені қуантады. Тәуелсіздіктің 30 жылында спортшыларымыз талай мәрте халықаралық додаларда көк байрағымызды желбіретті. Олардың арасында ел тарихында ғана емес, әлем тарихында есімдерін алтын әріппен жаздырған жерлестеріміз бар. Мәселен, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов мен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ниджат Рахимовты атыраулықтар ерекше мақтан етеді. Олардың жеңісті жолын жалғайтын жастарға жағдай жасау жалғасады»,-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Алыптардың күресін спорт жанкүйерлері бастан-аяқ әлеуметтік желілер арқылы тамашалады.
Жарыс нәтижесінде атыраулық Абылай Амандық 1-орын, қызылқоғалық Руслан Ізғалиев 2-орынды, Шынболат Хасанов 3-орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай марапат берілді.
Іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің алғашқы жаңімпазы Ұлан Рысқұл арнайы қатысты. Сондай-ақ, Атырау облысында қазақ күресінің негізін қалаушы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовті ҚР Қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.


Айта кетерлігі, «Түйе палуан» сайысы аясында жергілікті кәсіпкерлер екі мүмкіндігі шектеулі жасқа қаржылай қолдау білдіріп, арнайы сертификат тапсырды.