Атырауда жалған вакциналау төлқұжатын сатқан медбике ұсталды

0
254

Медбикеге 90 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.


Атырауда жалған вакциналау төлқұжатын сатқан медбике ұсталды

ERNUR.KZ. 31 шілдеде Egov.kz ақпарат жүйесіне нақты егілмеген адамдарды Covid-19 вакцинасын алды деген ақпаратты ақшаға енгізумен айналысқан қалалық емханалардың бірінің медбикесі ұсталды, деп жазады azh.kz.

Медқызметкерді жедел-іздестіру шаралары барысында департамент қызметкерлері әкімдікпен және прокуратурамен бірлесіп ұстады. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Қайсар Әбділиевтің айтуынша, бұл өңірде бірінші рет тіркелген жағдай.

«Бұл сыбайлас жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тікелей тапсырмасы бойынша вакциналау төлқұжаттарын қолдан жасалуына жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар жүргізілуде. Өңірдегі барлық егу орындарында бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Қайсар Абдалиев.

Кінәсін толық мойындаған 40 жастағы күдікті жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын айтқан.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабы 1-тармағы (ақпараттық жүйеге қасақана жалған ақпарат енгізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Медбикеге 500 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде жаза, не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 90 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады.