Атыраудағы филипиндік мұғалім қазақ тілінде ән айтады

0
1 395

Бүгінде филипиндік мұғалімнің орындауында 20-ға тарта қазақ әні бар.


Атыраудағы филипиндік мұғалім қазақ тілінде ән айтады

ERNUR.KZ. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Фоман де Лакруз Атырауда жұмыс істеген аз жылда әріптестері мен оқушылар арасында үлкен беделге ие болған ұстаз. Математика пәнінің маманы, қазақ тілінде амандасып, керек болса, нақышына келтіріп ән де орындап береді. Шетел азаматының қазақ тілі мен өнеріне деген құштарлығы ұжым алдындағы абыройын асқақтатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде филипиндік мұғалімнің орындауында 20-ға тарта қазақ әні бар.

Фоман де Лакрузаның әр жұмыс күні осылай басталады. Тәжірибелі ұстаз бұл қазақ тілді аудиторияны баурап алудың басты кепілі деп біледі. Әдетте математика қиындау пән екені даусыз. Оны сәби санаға сіңіру үшін осындай әдіс тиімді көрінеді. Және ол жеміссіз де емес. Атырауда еңбек еткен алты жыл ішінде шетелдік ұстаз 200-дей шәкіртті алдынан өткеріпті. Бала жанын тап баса білген мұғалімге оқушылар да дән риза.

- Мистер Фоман сабақтың үстінде бізге түсінікті болуы үшін барынша қазақ тілінде сөйлеуге тырысады. Ал біз өз кезегімізде ол кісіден барынша ағылшынша сөздерді үйреніп, сөздік қорымызды молайтуға тырысамыз, - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Аслан Абдолов.

Сабақтан бос уақытта ізденімпаз ұстаз оқушыларынан қазақ тілін үйреніп, қазақ әндерін орындауды ұнатады. Оның табиғи таланты тіліндегі мүкістікті байқатпай, керісінше сазды әуенге ерекше рең беретіндей.

- Менің шәкірттерімнің білімге деген құштарлығы керемет. Олардың көпшілігі бірнеше тілді меңгерген. Ал туған тілдерін қастер тұтады. Соның арқасында менің де қазақ тіліне деген құлшынысым оянды. Мен Қазақстан секілді көп ұлтты, ынтымағы жарасқан елде жұмыс істегенімді мақтан тұтамын, - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Фоман де Лакруз.

Мектеп басшылығы мектепте Фоман де Лакрузадан өзге 7 шетелдік мұғалім еңбек ететінін, олардың барлығы да өз ісінің нағыз мамандары екенін атап өтті.

- Біз оларды халықаралық ұстаздар деп санамаймыз. Өйткені зияткерлік мектептің бүгінгі таңдағы Қазақстанның әлеуетін дамытуға бағытталған мақсатымызды бірге орындауға күш салып отырған әріптестер деп білеміз, - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпөкешев.

Ұстаздар күні қарсаңында Назарбаев зияткерлік мектебенінң оқушылары концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Бүгін мұғалімдер оқушылардан үй тапсырмаларының жауабынан өзге шәкірттердтік ыстық лебіз бен гүл шоқтарын қабылдады. Ұстаз үшін ең ерекше сыйлық та осы болуы керек.