Атыраудағы қонақүйде болған өрт: ауруханаға түскендердің жай-күйі белгілі болды

0
974

Өрт болған қонақүйде Оралдан келген спортшы балалар болған.


Атыраудағы қонақүйде болған өрт: ауруханаға түскендердің жай-күйі белгілі болды

ERNUR.KZ. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қаладағы қонақүйлердің бірінде болған өрттен зардап шеккендердің жай-күйі қалай екенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жедел медициналық жәрдем бригадалары облыстық ауруханаға 3 адамды жеткізді. Соның екеуі Оралдан келген спортшы балалар, тағы бірі - 42 жастағы әйел. Оларға ыс тиген. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілді. Балалар ауруханадан шығарылды. Әйелдің жағдайы тұрақты, ем-домын алып жатыр, өміріне төнген қауіп жоқ», - деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, кеше түнде Атыраудағы қонақүйдің төменгі қабатында монша өртенген. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 3 баланы құтқарып, 31 адамды қауіпсіз аймаққа көшірді, олардың 29-ы - бала. Құтқарылған және қауіпсіз аймаққа көшірілген балалар Орал қаласынан жарысқа келген.

«Райхан» қонақүйінде өрт шыққаны туралы біз оның ресепшндағы қызметкерлерінен білдік. Бірер минуттың ішінде қара түтін қаптады. Қонақүй қызметкері жоғарыда балалар бар екенін айтты. Біздің дәмхана да сол қабатта орналасқан. Біздің жігіттер - басқарушы Алексей Радыгин, даяшы Мағжан Жұмағожа, бармен Бекбол Тутаев, аспаз Әлібек Ұрмағамбетов сол заматта жоғары көтерілді. Олардың артынша балаларды құтқаруға даяшы Сабина Қасымова да аттанған. Жігіттердің айтуынша, Сабина, тіпті, олардан да озып кетіпті», - дейді куәгерлердің бірі, «Айва» дәмханасының әкімшісі Жаннат Досжанова.