Атыраудағы «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» шеруіне 900-ден астам тұрғын қатысты

0
1 364

Бұл шара - ел тыныштығы үшін, бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста жанын аямай жау соққысына төтеп беріп жерімізді қорғап қалған ата-бабаларымызды, батыр ардагерлерімізді еске алуға арналды.


Атыраудағы «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» шеруіне 900-ден астам тұрғын қатысты

Атырау облысында Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» деген атаумен шеру өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара - ел тыныштығы үшін, бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста жанын аямай жау соққысына төтеп беріп жерімізді қорғап қалған ата-бабаларымызды, батыр ардагерлерімізді еске алуға арналды.

Аталмыш шара Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқан сарбаздар мен бүгінде арамызда жоқ майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Әскери оркестрдің әуенімен соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін алып жүрген 900-ден астам қала тұрғыны Жеңіс саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Атырау қалалық əкімдігінің қолдауымен жəне қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл шарада бейбіт күнді бейнелейтін ақ көгершіндер көкке ұшырылды.

Осында жиналғандар майданда қаза тапқан және хабарсыз кеткен ата-бабаларының суретін көтеріп, орталық көше бойымен Жеңіс саябағына қарай жүрді. Отты жылдарда Гурьев облысынан 42 509 мың әскер аттанған. 29 222-сі ғана туған жерге аман-есен оралды. Ресми дерекке сүйенсек, 13 000 жауынгер шайқаста қаза тапқан. Олардың басым көпшілігі хабарсыз кеткен. Ал ұрыс даласынан аман-есен оралғандар халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті.

Айта кету керек, бұл дәстүрлі шара Атырау қаласында 2015 жылдан бері өткізіліп келеді.