Аудан әкімі ағылшын тілінен сабақ беріп жүр

0
1 409

Мұғалім әкімнің сабағына қатысатын тұрғындардың саны артқан.


Аудан әкімі ағылшын тілінен сабақ беріп жүр

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы мен биылғы жоспарлары туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ерлан Исабеков брифингте аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Әкімнің айтуынша, аудан экономикасы құрылымының 94 пайызы ауыл шаруашылығының үлесіне тиесілі.

«Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 14,4 миллиард теңгені құрады. 2018 жылы 314,2 мың гектар алқаптан 365 мың тонна астық алынды", - деді аудан әкімі Ерлан Исабеков.

Брифингте айтылғандай, ауданда «Кулагин С.В» жеке кәсіпкерлігі бес мың күрке тауық бағып, жылына 143,1 тонна күрке тауық етін өндіретін кешен құрылысын қолға алып отыр. «Қоржынкөл А» серіктестігі еттік бағыттағы 100 бас қазақтың ақбас малын өсірмек. Есепті кезеңде құрылыс жұмысының көлемі 171,7 миллион теңгені құрады. 598 шаршы метр жекеменшік тұрғын үй салынды. Өңірде 2017-2021 жылдары тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар аудан әкімі өзінің ағылшын тілінде сабақ беріп жүргенін де атап өтті. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты бұған таңданудың қажеті жоқтығын айтуда.

«Ұстаздық жаңалық емес, бұрыннан бар. Елімізде сабақ беріп жүрген алғашқы әкім мен емес. Дегенмен, бұл идеяны жүзеге асыру алдында біраз ойланып, таразыладым. Яғни, адамдар қалай түсінеді деген сияқты. Бәлкім, біреулерге ұнамай қалуы да мүмкін. Халық ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартумен неге айналыспайды деп айтуы ықтимал деген ойлар да мазалады. Дегенмен, ойлана келе, жұмыстан бос уақытта немесе демалыс күндері сабақ беруге бел будым», - дейді Ерлан Исабеков.

Бастапқыда мұғалім әкімнің жаңа «қызметіне» оғаш қараған жұрт қазіргі кезде оған үйреніп кеткен. Тіпті, әкімнің сабағына қатысатын егіндікөлдіктердің саны артқан. Ерлан Исабеков жерлестеріне ағылшын тілінен сабақ беріп қана қоймады, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді де шешуге атсалысады.

Еске сала кетейік, Ерлан Исабеков 2018 жылы 17 сәуірінде Ақмола облысы Егіндікөл ауданының әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Ерлан Шойұлы - Алматы облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін математика бакалавры және магистрі мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2012 жылы Вашингтон қаласында Джорджтаун университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.