​Қазақстан шетелдегі қазақтарды қолдауға қанша қаржы бөлетіні белгілі болды

0
1 468

Қазақстан үкіметі 2018-2022 жылдары шетелдегі этникалық қазақтарға қолдау көрсету бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті.


​Қазақстан шетелдегі қазақтарды қолдауға қанша қаржы бөлетіні белгілі болды

Мемлекет шетелдегі қазақ мектептерін оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етеді, сондай-ақ балаларды Қазақстанның білім беру лагерлеріне шақырады деп хабарлайды sputniknews.kz.

Қазақстан үкіметі 2018-2022 жылдары шетелдегі этникалық қазақтарға қолдау көрсету бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті.

"Жоспарда қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанның оқу орындарында білім алуы үшін шәкіртақылық бағдарлама әзірлеу қарастырылған. 2019 жылы оған 47 миллион теңгеден астам, 2020 жылы 219 миллион теңге, 2021 жылы 407 миллион теңге жұмсалады", — деп жазылған құжатта.

Шетелдегі қазақ мектептері мен қазақ мәдениет орталықтарын гуманитарлық бағыттағы оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге 19,2 миллион теңгеге тарта қаржы бөлінеді. Сондай-ақ шетелдегі қазақ мәдениет орталықтарын сұраным бойынша гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен қамту қарастырылған. Шетелдегі қазақ диаспораларының балалары каникул кезінде Қазақстандағы білім беру және танымдық лагерлерге келе алады. Олар Қазақстанда жоғары білім алу үшін квотамен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ұлттық киім, ұлттық музыкалық құралдар мен басылымдарды алады. Шетелде тұратын қазақ диаспораларының өзара әрекеттестігі мәселелері жөнінде қазақтардың шағын құрылтайын өткізу жоспарланған.

Этникалық қазақтарға Қазақстанның қасиетті жерлері таныстырылады, олар үшін "Қазақтардың рухани құндылықтары мен салт-дәстүрін сақтау" тақырыбында семинар-тренинг өткізіледі, қазақ тілін үйрену бойынша онлайн курстар таныстырылады.

Сонымен қатар, шетелдегі атақты қазақтар жайлы "Алыстағы ағайын" фильмдер циклын түсіруге дайындық жасалып жатыр. Ал іргелес елдердегі диаспоралар қазақстандық теле хабар таратумен қамтамасыз етіледі.