Азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттаған

0
1 427

2019 жылдың басынан бастап ағымдағы жылғы 28 қарашаға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 10,1%-ға ұлғайды.


Азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттаған

ERNUR.KZ. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов азық-түлік тауарларының бағасының өсуін тежеу бойынша монополияға қарсы ден қою шаралары туралы айтты, деп жазады baq.kz.

2019 жылдың басынан бастап ағымдағы жылғы 28 қарашаға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 10,1%-ға ұлғайды. Бағалардың өсуінің, оның ішінде әлемдік нарықтарда өтіп жатқан экономикалық процестермен байланысты объективті себептері бар екенін атап өту қажет. Бағалардың өсуінің объективті факторлары аясында нарық субъектілері осы жағдайды пайдаланып және өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланып бағаларды негізсіз көтере алады, - дейді Рустам Ахметов.
ҚР Үкіметінің қаулысымен 19 атаудан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесі бекітілген.
Ахметовтың айтуынша, жыл басынан бастап нан, қарақұмық жармасы, қант, тауық еті, күнбағыс майы сатылатын нарық субъектісіне қатысты 7 тергеп-тексеру тағайындалған.
Жеміс-көкөніс өнімдерін, тауық етін, сиыр етін, ұн, нан, рожки, күріш, қарақұмық жармасы, жұмыртқа, сүт өнімдері, күнбағыс майын сату нарығында нарық субъектілерінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екені туралы 187 хабарлама жіберілді, - деп атап өтті Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы.
Министрлік өкілі 21 қарашада монополияға қарсы орган ірі сауда желілеріне 80 хабарлама шығарғанын айтты. Хабарламалардың жалпы санынан 78-і бағаларды төмендету арқылы ерікті түрде орындалды.
Сондай-ақ, бағалардың өсетіні туралы жария өтінішке байланысты ұн мен нан өндірушілердің басшыларына 7 алдын ала ескерту шығарылды. Осы хабарламаларды 10 күн ішінде орындамаған жағдайда, нарық субъектілеріне қатысты тергеп-тексеруге бастамашылық жасалады. Сөз байласу фактілері анықталған жағдайда, нарыққа қатысушылар сөз байласу нәтижесінде алынған кірістің 1-ден 5 %-ға дейінгі мөлшерінде айыппұл салына отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деп мәлімдеді Рустам Ахметов.