БАӘ елшілігі көпбалалы аналарға ауызашар берді

0
1 480

Дипломатиялық өкілдік ауызашарды оразаның соңына дейін ұйымдастырады.


БАӘ елшілігі көпбалалы аналарға ауызашар берді

ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшілігі елордадағы көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ауызашар өткізді, деп жазады baq.kz.

Қасиетті Рамазан айында БАӘ елшілігі 150-ден астам адамға ауызашар жасады. БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Mohamed Ahmed bin Sultan Al Jaber мырзаның айтуынша, дипломатиялық өкілдік ауызашарды оразаның соңына дейін ұйымдастырады.


«Біріккен Араб Әмірліктерінің елшілігі бұрыннан осы жолды – қайырымдылықты ұстанып келеді. Бұл жолдың ұстанымына себепші – еліміздің іргесін қалаушы атамыз. Соның үйреткен жолымен келе жатырмыз. Біріккен Араб Әмірліктерінің елшіліктері тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдерінде ауызашар ұйымдастырып жатыр. Ораза айының соңғы күніне дейін біз ауызашар өткіземіз. Мешіттерде, осындай мейрамханаларда қоғамның белгілі бір мүшелерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, көпбалалы аналарды шақырамыз», - деді елші.


Бүгінгі ауызашарды ұйымдастыруға Global Woman қоғамдық қауымдастығының басшысы Ханзада Балтаева көмектескен. Ол қоғамның мұндай өкілдеріне көңіл бөлуге ниет білдірген елшілікке алғыс білдірді.

«Біздің қауымдастық қазақстандық әйелдердің шекарадан тыс – алыс-жақын мемлекеттерге танымал болғанын қалайды. Біз ел имиджін көтеріп жүрген әйелдерді және көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды жинадық. Міне, біз осындай әйелдерге, аналарға арнап ауызашар берейік деп БАӘ елшілігіне айтқанда, олар қуана келісті. Мұнда көпбалалы аналар балаларын тастап, бір күн ресторанға келіп демалсын. Отбасылық күйбең тіршіліктен бір сәт босап, мейрамханаға келеді. Ал бастысы көпшілікпен ауызашарда бірге болады», - деді Ханзада Балтаева.


Елшіліктің мұнымен қоса қайырымдылық шараларын өткізіп тұратынын білеміз.