Бағасы пәтер құнымен тең: Алматы мен Павлодарда дәретхана дауы қайта өршіді

0
693

Алматыда құны 9-10 миллион теңге шамасында болатын 20 дәретхана салу жоспарланған. Ал Павлодарда 2016 жылы әрқайсысы 5 миллион теңгеге салынған дәретханалар тиімсіз болып тұр.


Бағасы пәтер құнымен тең: Алматы мен Павлодарда дәретхана дауы қайта өршіді

ERNUR.KZ. Алматыда әжетхана құрылысы үшін бюджеттен 178,5 миллион теңге бөлінбек. Нақтырақ айтсақ, біреуі 9 миллион теңге болатын 20 дәретхана қойылмақ, деп жазады sputniknews.kz.


Тұрғындар әжетхананың әрқайсысы бір бөлмелі пәтердің құны екені айтып, ашынды. Ал Павлодарда осыдан 4 жыл бұрын, әрқайсысы екі бөлмелі пәтер құны болатын әжетханалар салынған еді. 5 жарым миллион теңгеден жұмсалған 4 әжетхана қазір өзін-өзі ақтамаған.

Құрылысына миллиондар құйылған дәретхана қаладағы ең маңызды деген 20 нүктеге қойылмақ. Нысандардың іші жылдың қай мезгілі болса да жарық әрі жылы болмақ. Заманауи бір әжетхананың құнын 9 миллионға бағаланған.

Шаһар шенеуніктері қолданыста жүрген темір кабиналарды жуып-шаюдан шаршаған соң, осындай қадамға бардық деп ақталды. Осылайша мегаполистің туристік инфрақұрылымын да дамытамыз деп сендірді.

Қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков пандемияға орай туристердің тапшылығына қарамастан, ішкі құрылымды дамытуға күш салып жатқанын айтады.

"Сол үшін Алматыда қазіргі уақытта 20 әжетхана қою жоспарланып отыр. Ол әжетханалар туристер ең көп жиналатын жерлерде болады және қажетті заттармен жабдықталады", – дейді ол.

Құны қымбат әжетхананың ұзындығы бес, ені үш метр болады. Ерлер бөлмесіне қарағанда әйелдер бөлмесін кеңірек жасау жоспарланған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы орын қарастырылып, баланы жөргекке орайтын үстелдер де қойылады.

"Осындай дәретхананың бағасы 9-10 миллион теңге шамасында. Қымбат болу себебі, іштегі нысандардың унитаз, қол жуатын орын, бәрі темірден жасалады. Бұған жергілікті бюджеттен 178,5 миллион теңгеге ұсыныс бердік және ол қабылданды", – дейді Ақылбеков.

Ал қала тұрғындары бұл бастаманы құптағанымен, бағасына таңырқап отыр. Олар: "9 миллион теңгеге бір бөлмелі бір пәтер алуға болады. Әрине, қоғамдық орындарға әжетхана керек. Бірақ 9 миллион дегені миға сыймайды" десе, енді бірі "құны сапасына сай болса, жөн деп ойлаймын" дейді.
Тағы бір тұрғын мұны құптамайтынын айтады.

"Әрине барлығы тұрғындар үшін. Бірақ бағасы у-дай екен", – дейді ол.

Айта кетейік, дәретхана ақылы болады. Оған бір кіріп-шығу құны 50 немесе 100 теңге болады. Бірақ бағасы әлі нақты шешілмеген.

Қазір басқарма басшылары, нысанның құрылысын салуға конкурс жариялаған. Апта соңына дейін құрылысына жауапты мекеме де белгілі болмақ. Айтпақшы қымбат әжетхана елде бірінші рет салынайын деп жатқан жоқ. Төрт жыл бұрын Павлодарда да салынды.

Құны пәтер бағасымен тең дәретхана
2016 жылы іске қосылған, сол кездегі екі бөлменің бағасына салынған әжетханалар Павлодарда қазір де бар. Бірақ өзін-өзі ақтады ма, ол жағын айту қиын. Қымбат дәретхананың қазір 4-уі ғана қалды. Оның өзі жекенің қолына өткен.

Әр қайсысынына 5,5 миллион теңге бөлінген болатын. Қала билігінің бұл қадамы тұрғындардың сынана іліккен еді. Өйткені, бағасы сол кезде 2 бөлмелі пәтердің құнымен тең болатын. Бастапқыда жергілікті билік бұндай әжетхананың санын 10-ға жеткізуді жоспарлаған. Кейін қоғам наразылығынан кейін ойларынан айнып қалды.

"Қазіргі уақытта бұл туалеттердің бәрі жұмыс істеп тұр. Кезінде мына өзіміздің ТҮКШ балансында болған. 2018 жылдан бастап құрылған коммуналдық "Коммун-сервиске" толық берілді. Солардың балансында. Енді оларды ұстау, күту солардың мойнындарында", – дейді Павлодар қалалық ТҮКШ бас маманы Сабыр Оразбаев.

Жыры бітпеген қоғамдық әжетхана осыдан 1 жыл бұрын қыста қатып қалған. Ол кезде жалға алған кәсіпкер шығын өтелмеді деп бас тартыпты. Содан қараусыз қалған нысан бұзақылардың ермегіне айналып, қирады. Ал тұрғындар бұл дәретханалардың 5 жарым миллионға салынғанына әлі сене алар емес.

"Әрине, қымбат. 300-400 мың теңгенің шамасында болады. Тек, 5 миллион теңге емес" дейді қала тұрғындары.

Қазынадан қыруар қаржы жұмсалған дәретхана бастапқыда ақылы болды. Осылайша жергілікті шенділер өз құнын өзі өтейді деген болатын. Бірақ кейінен жекенің қолына өткен соң, тегін әжетханаға айналған. Өйткені құны 50 теңгелік әжетханаға келушілер болмаған.

Ал дәретхананың қымбатқа салынуын жергілікті билік жарық, жылу секілді коммуналдық желілердің тартылуымен байланыстырады. Шағын ғана кабина қараусыз қалмасын деп күзетші де қойыпты. Қазір қалалықтарға тегін қызмет көрсетіп тұр. Жергілікті билік оған қаржы бөліп отыр. Бірақ қанша жұмсайтындарын айтудан бас тартты.