Байқоңырда оқушыларды Путинді қолдау үшін митингке шығарған

0
825

​Әлеуметтік желіде Байқоңырдағы оқушылардың ата-аналары Ресейді қолдау акциясынан хабарсыз болғаны жазылған.


Байқоңырда оқушыларды Путинді қолдау үшін митингке шығарған

ERNUR.KZ. Жасөспірімдердің акция кезінде қолдарына Ресейдің туын ұстап тұрған сәтіндегі суреттері де жарияланды, деп жазады Экспресс К.

facebook.com/muratbalabay


Суреттерден митингке қатысқандардың арасында қазақ балалары да болғанын көруге болады. Сондай-ақ шерушілер алаңда тізбектеліп тұрып, үлкен қоршау жасаған. Ал қоршаудың ортасына көліктермен Z әріпін бейнелегендері байқалады. Сонымен қоса Ресейді қолдауға келгендер адамдарды қаз-қатар тұрғызып V белгісін де көрсеткен. Өздеріңіз білетіндей бұл белгілер Украина жеріне кірген Ресей әскерінің техникаларында таңбаланған.

Байқоңыр қаласында Путинді қолдау акциясы өткенін "Роскосмостың" бас директоры Дмитрий Рогозин де өзінің Twitter парақшасында жариялады. Онда ол шеруді қала әкімдігі ұйымдастырғанын жазған.



Ал әлеуметтік желі қолданушылары әкімдіктің акцияға оқушыларды тартқанына наразылық білдірді. Белсенді Мұрат Балабай мұндай саяси оқиғаға Қазақстанның оқушыларын араластыру қаншалықты заңды деп бас прокуратураға сауал жолдады.

"Ата-аналардың айтуынша, оқушыларды орталық алаңда іс-шара болады деп шақырған. Олар митинг ұйымдастырып жатқанын білмеген. Балаларды саяси акцияға пайдалану қаншалықты заңды?" - деп жазды ол парақшасына.

Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында Ресей елінің бірнеше білім ұясы бар. Онда көбіне қазақ балалары білім алады. Ал облыстық білім басқармасындағылар бұл флешмобта қаладағы Қазақстан мектептерінің оқушылары болмаған мәлімдеді.

"Байқоңыр қаласында Қазақстанның 5 мектебі бар. Бірақ біздің оқушылар аталмыш шараға қатысқан жоқ. Өйткені шетелдің саяси ахуалына біздің қатысымыз жоқ. Ал Ресейге тиесілі мектептерге байланысты біз жауап бере алмаймыз", - дейді білім басқармасының өкілдері.

Айта кетсек, Қызылорда облысында орналасқан Байқоңыр қаласының аумағын Ресей Федерациясы ұзақ жылға жалға алған.