Байланыс операторлары роуминг пен тарифтің ауысқаны туралы ескертетін болады

0
531

Байланыс операторларына қойылатын талаптар қазақстандықтардан түскен шағымдар негізінде қарастырылды.


Байланыс операторлары роуминг пен тарифтің ауысқаны туралы ескертетін болады

ERNUR.KZ. Ашық НҚА порталында байланыс қызметінің ережелеріне енгізілген өзгерістің бұйырық жобасы жарияланды, деп жазады sputnik.kz.

Құжат интернет-провайдерлер мен байланыс операторларының қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жасалды.

Шекара маңында тұратын қазақстандықтар тарапынан шағымдардың жиі түсуіне байланысты роумингке автоматты түрде қосылу тәртібін алып тастау қарастырылған. Мұндай қызмет қажет болған жағдайда абонентке қысқа мәтіндік хабарлама жіберу немесе USSD-сұраным жолдау мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар құжатта тарифтік жоспарға өзгеріс енгізілген жағдайда абонентті ескерту және оның келісімін алу нормасы қарастырылған.

Сондай-ақ желідегі апат кезінде операторлардың тарифті қайта есептеуі, абонентке тарифтік жоспарды өзі құрауға мүмкіндік беру талаптары енгізілді. Операторлардың интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуі барысында өзге қызметтерді тықпаламауы (кабельдік телевидение қызметі, телефон байланысы және т.б) да ескерілген.

Бұйрық жобасына сәйкес, абоненттің интеллектуалдық қызметтер (лоторея, дауыс беру, телевикторина, анықтама қызметі) үшін қысқа мәтіндік немесе мультимедиалық хабарламалар жолдауы кезінде оператор оның ақысы туралы хабарлауға тиіс.