Бакуде Қазақстан мен Әзербайжан жастарының форумы өтті

0
1 072

Бұл жиынның мақсаты – жастарды әрдайым қарым-қатынаста болуға үйрету, жол көрсету.


Бакуде Қазақстан мен Әзербайжан жастарының форумы өтті

ERNUR.KZ. Баку шаһарында Қазақстан мен Әзербайжан жастарының форумы өтті, деп жазады 24.kz.

Болашақта көш бастар жас жетекшілер былтыр алғаш рет Ақтауда бас қосып, қос тарап өзара байланыс құруға уағдаласқан еді. Форумға келген студенттер мен кәсіпкерлердің саны жүзден асады. Бұл жиынның мақсаты – жастарды әрдайым қарым-қатынаста болуға үйрету, жол көрсету. Қатысушылардың пікірінше, форум жаңа мүмкіндіктер береді. Жас кәсіпкер Жанна Алтынбаева Ақтөбе облысынан келіпті. Ол осында орнатқан жаңа қатынастарын өз жобаларын жүзеге асыруға пайдаланып көрмек.

Жанна Алтынбаева, жастар форумына қатысушы: – Осы форумды бір жыл бойы күттім. Әзербайжанда жаңа достар тапқым келді. Осы елдің жастарымен бірге асыратын бірнеше жобам бар. Жиын соңында осы мақсатыма жететініме сенемін. Былтыр Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжан жастар күнін өткізу кезінде осы тектес шараларды тұрақты өткізіп тұру туралы ұсыныс айтылған болатын. Енді жыл сайын екі елдің жас буын өкілдері өздерін толғандырған мәселелермен бөлісіп, шешу жолдарын талқылайды.

Интигам Бабаев, Әзербайжан жастар және спорт министрінің орынбасары: – Әзербайжан жағынан Қазақстанға 2019-2020 жылдары екі ел аумағында бірлескен шаралар өткізу жоспарының жобасын жібердік. Бұл жоба қаралғаннан кейін, қос елдің министрліктері құжатқа қол қояды.

Жұлдыз Омарбекова, ҚР қоғамдық даму вице-министрі: – Алдағы жыл Қазақстанда жастар жылы жарияланғанын білесіздер. Былтыр осы форум Ақтау қаласында өткен еді. Биыл оны Бакуде өткізіп отырмыз. Келесі жылы Астанада болады. Бұл бауырлас екі елдің жастар ұйымдары мен жас жетекшілеріне тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік береді.

Форумда жастар өзара ынтымақтастықты алдағы уақытта да бірге дамытуға келісіп, бірлескен жобаларды асыратын салаларды белгіледі. Онда жас кәсіпкерлер мен ғалымдарға қолдау көрсету, мәдени шараларды өткізу және жастар демалатын бірлескен лагерлерді құру туралы айтылған.