Балаға ыстық сумен клизма жасалған: Біртанов мәселені жеке бақылауына алды

0
1 213

Министр дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігіне қатысты да ойын айтты.


Балаға ыстық сумен клизма жасалған: Біртанов мәселені жеке бақылауына алды

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов балаға ыстық сумен клизма жасалуына қатысты түсініктеме берді, деп жазады BAQ.KZ.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналист Шымкент қаласындағы Жұқпалы арулар ауруханасының дәрігерлері баланың ішегін қайнаған ыстық сумен тазалағанын айтты. Бұндай клизмадан күйіп қалған бала қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Баланың ата-анасы полицияға арыз жазған.

«Мен бүгін теңертең бұл мәселе бойынша ақпарат алдым. Осы ақпарат бойынша мен біздің бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшинге тапсырма бердім. Біз бұл жағдай бойынша арнайы тексеріс өткізіп, нәтижелерді халыққа жеткіземіз. Осындай жағдайда стандарттық бұзушылық немесе медбикелердің жұмыс тәртіптерін бұзушылық болса, арнайы жауапкершілік мәселелері шешіледі. Мен бұны өзім бақылауда ұстаймын», - деді Елжан Біртанов.

Министр дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігіне қатысты да ойын айтты. Оның дерегінше, қазір елімізде 60-тан астам түрлі колледж бар. Оның жартысы – жекеменшік. Бүгінгі күні жекеменшік колледждер бақылауға алынған. Бірақ, оларда білім беру деңгейі өте төмен. Көп жағдайда ақша төлеп оқиды.

«Бірақ, білім беру стандартына сәйкес келмеген соң медициналық көмектің төмендеуін бақылап отырмыз. Осыған арнайы орта медициналық қызметті дамыту бойынша жол картасын бекіттік. Бұл жоспар елімізде келесі бес жылдың ішінде бүкіл медициналық колледждерді, білім беру стандарттарын халықаралық стандартқа өзгертеді. Қазіргі күнде арнайы пилоттық жоба 2016 жылдан басталды. Бүкіл бағдарламамызды өзгертіп жатырмыз. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, міндетті түрде жаңа бағдарламаға көшуіміз қажет. Әрине, қосымша бақылау керек. Жұмыс берушілер, емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлері жағынан да жауапкершілік болуы қажет. Себебі олар жұмысқа алады. Жұмысқа алғанда білім беру тәжірибесін, дипломдарын тексеруі керек», - деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, дәрігерлер мен мейірбикелердің білімі бес жыл сайын міндетті түрде тексеріледі. Көп жағдайда жекеменшік білім беру ұйымдарынан шыққан дәрігерлер мен медбикелердің білімі төмен болғаннан кейін олардан сертификат талап етіледі. Ал тестілеуден өтпеген мейірбике мен дәрігерлердің сертификаттары тоқтатылып отырады. Ендігі мақсат – сертификация сапасын көтеру және оның халықаралық стандартқа сәйкестендіру.