Балалардың болашағын ұрладыңыз - танымал мұғалім сайлаудан кейін әріптестерін сынға алды

0
520

Ол нәтижелерді бұрмалау олардың оқушыларына қалай зиян келтіретінін түсіндірді.


Балалардың болашағын ұрладыңыз - танымал мұғалім сайлаудан кейін әріптестерін сынға алды

ERNUR.KZ. TikTok желісінде миллионнан астам жазылушысы бар танымал блогер, химия пәні мұғалімі Ұлан Үсенов кейбір әріптестерінің сайлаудағы «заңсыз» әрекеттерін сынап, видео үндеу жариялады, деп жазады qaz365.kz.

Үсенов кей әріптестерінің сайлаудағы «заңсыз» әрекеттері видеоға түсіп қалғанын айтты. Ол әріптестеріне өздерінің жұмысы арқылы балалардың болашағын айқындауға көмектесетінін айтып, жұмыстарының мәнін жеткізуге тырысты.

“Сайлау өткен орындарда белгілі бір заң бұзушылықтар болғаны туралы бейнероликтер, посттарды көріп қаламын. Ал бұл заң бұзушылықтардың тікелей, белсенді қатысушылары, менің әріптестерім – мұғалімдер. Бұл үндеу соларға арналады. Сайлау мектептерде жүргізіледі, оған мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер қатысады. Олар өз еріктерімен жұмыс істегендей көрінгенімен, оларды да міндеттейтіндер бар шығар.
Әріптестер, сіздер оқушылар үшін күйіп-жанып, қандай да бір асқақ болашақ, мәртебе, ақша үшін емес, соларды жақсы көргендіктен, олардың болашағына алаңдағандықтан бұл мамандықты таңдайсыздар. Өйткені, болашақ балалардың қолында екені сіздерге де жақсы мәлім. Жыл бойына сабақ жоспарын жазасыз, барлық сабақтарды өткізесіз, қосымша сабақтарға қаласыз, қаншама есеп тапсырасыз, балаларды жақсы көресіз. Осының бәрі – балалар үшін, олардың бойында келешекке деген үміт отын ояту үшін жасалады,
– дейді химия пәні мұғалімі.

Нәтижелерді бұрмалау арқылы мұғалімдер өздері тәлім-тәрбие беретін балалардың бойындағы болашаққа деген сенімді жоғалтатынын айтады.

“Сіздер (кей әріптестерім) сайлауды ұйымдастыруға қатыса отырып, санау кезінде алдау, нәтижені бұрмалау және тағы басқа нәрселермен айналысып, сол балалардың болашағын ұрлап отырсыздар”, – деп аяқтады сөзін Үсенов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.