Балаларға арналған боямақ гид-кітаптар басылып шықты

0
2 738

Кітапта 6 және одан жоғары жастағы балаларға арналған қазақ тіліндегі 18 иллюстрация бар.


Балаларға арналған боямақ гид-кітаптар басылып шықты

ERNUR.KZ. Қазақстан қалаларының танымал тарихи және мәдени орындары туралы қазақ тіліндегі тұңғыш бояу кітаптары дүкен сөрелеріне түсті. "Сәлем, Қазақстан!" атты боямақтар коллекциясын ABAYbooks баспа үйі ұсынып отыр, деп жазады Baribar.kz.

Баспа үйінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бояу кітаптарының мақсаты – балалардың сәулет, мүсін және басқа да өнер түрлері туралы түсінігін кеңейту, балаларға туған ел қалаларының көрікті жерлерін иллюстрациялармен таныту.

Кітапта қазақ тіліндегі 18 иллюстрация бар. Олар 6 және одан жоғары жастағы балаларға арналған. Отандық серияның ерекшелігі – ол бірыңғай қазақ тілінде шығарылады.

ABAYbooks баспа үйінің басшысы Майра Әлжанованың айтуынша, кітап кішкентай туристер үшін жолсерік те бола алады.

Балаларға арналған “Сәлем Қазақстан!” бояу кітаптары топтамасын біз еліміздің 18 ірі қаласы бойынша шығардық. Жақында олар барлық кітап дүкенінде пайда болады. Жобаның негізгі идеясы – балаларды қалаларымыздың көрікті жерлерімен таныстыру. Қазақстан балаларына қызық болады деп ойлаймыз. Бұл топтаманы балалар мен ересектерге арналған кішігірім гид-кітап десек те болады. Нарықтағы барлық материалды, кітап дүкендерінің талаптарын зерделей келе мемлекеттік тілдегі бояу кітаптары тапшы екенін байқадық, – деді Майра Әлжанова.


“Сәлем Қазақстан!” кітаптар жобасы 4 айға жуық уақыт бойы дайындалды. Әр иллюстрация бойынша кәсіби дизайнерлер жұмыс істеген. ABAYbooks баспа үйі осы жылдың қыркүйек айында Disney ертегілерінің топтамасын шығаруды жоспарлап отыр.