Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қазақстандықтарға алғыс айтты

0
649

Жалпы, карантиндік шаралар өзінің нәтижесін берді.


Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қазақстандықтарға алғыс айтты

ERNUR.KZ. Қазақстандағы карантиндік шаралар өзінің оң нәтижесін берді. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Соңғы екі аптада еліміз бойынша жағдай тұрақталғаны көрініп тұр. Ауруға шалдығудың өсімі 7 пайыздан аспайды. Егер наурызда инфекцияны жұқтыру байланыста болған адамдар мен сырттан келгендер арасынан тіркелсе, сәуірде профилактикалық тестілеуге көштік. Сәуір айында тіркелген барлық оқиғалардың 52 пайызы немесе 1862 жағдай профилактикалық тестілеумен байланысты болды», - деді А. Есмағамбетова.

Оның сөзіне қарағанда, профилактикалық тестілеудің мақсаты – ол жасырын ошақтарды айқындау. Егер осы тестілеу болмаса, онда індет жұқтырғандармен байланыста болғандар саны артып, коронавирусқа шалдыққандар саны өсер еді.

«Профилактикалық тестілеу нәтижесі тиісті жұмысты жүргізудің маңыздылығы мен қажетін байқатып отыр. Жалпы, карантиндік шаралар өзінің нәтижесін берді. Екі аптаның барысында тұрақты эпидемиологиялық жағдайды тіркедік. Карантин талаптарын сақтау бойынша Денсаулық сақтау министрлігі нұсқауларын орындаған әр қазақстандыққа алғыс айтқым келеді», - деді Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.