Бас прокуратура жолаушылар тасымалы саласындағы тексеріс нәтижесін жариялады

0
1 598


Бас прокуратура жолаушылар тасымалы саласындағы тексеріс нәтижесін жариялады

Бүгін Бас прокуратураның Ресми өкілі Оксана Лоскутова және Қоғамдық мүддені қорғау қызметінің бастығы Азамат Дүйсембеков қалааралық жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автомобиль көлігі туралы заңнама талаптарын бұзу, аталған саладағы олқылықтарды жою мақсатында қабылданған шараларға тоқталды,-деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бас Прокурордың тапсырмасы негізінде жүргізілген тексерудің нәтижесінде 2,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды.

Соның ішінде адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті: өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, төтенше жағдайдағы апаттық люкты ашу құралдарының болмауы, автобустарды қайта жабдықтау, тахограф қолданбау, сондай-ақ сапар алды техникалық және медициналық бақылаусыз тасымалдау, тиісті санатсыз көлікті басқару.

Прокурорлық тексерістің барысында қайта жабдықталған 94 автобус анықталды.

Мысалы, «Атырау-Қарабатан» жолында «Мұнай Жігер Сервис» ЖШС-не тиесілі автобус жанармаймен жұмыс істейтін қолдан жасалған құрылғымен жылытылған. Талдықорғанда балаларды тасымалдаған көлік іші дәнекерлеуші шаммен жылытылған.

Тексерістің кезінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған 17 жүргізуші анықталды.

Базадағы ақпаратты талдау барысында 20 мың немесе республикадағы әрбір 3 автобус техникалық қараудан өтпегені белгілі болды (62 мың).

Сонымен қатар техникалық тексерістің жалған карталарын пайдаланудың 125 фактісі, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда 116, ал Қызылорда облысында 9 факті анықталды.

Барлық фактілер бойынша ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Техникалық жарамсыз автобустар рейстен алынды.

Спикерлердің айтуынша, рұқсат құжаттары жоқ заңсыз тасымалдаушылар адамдардың өміріне қауіп-қатер туғызады. Арнайы тексерістің нәтижесінде осындай 139 тасымалдаушы анықталды.

Заңсыз тасымалдаушылардың жүргізушілері медициналық куәландырудан өткізілмейді, көліктері қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі күнделікті тексерілмейді.

2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін заңсыз тасымалдаушылардың қатысуымен шамамен 600 жол-көлік оқиғалары орын алды.

Лицензиясыз қызметі үшін олардың жұмыстары тоқтатылып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Жоғарыда аталған барлық заңбұзушылықтар тасымалдаушылардың жауапсыздығынан ғана емес, уәкілетті органдар, нақты айтқанда Ішкі істер министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің және әкімдіктердің жұмысты тиісті дәрежеде жүргізбейтіндіктен болып отыр», - деді О. Лоскутова.

Сонымен қатар спикерлер, жыл басында Ақтөбе облысында жанып кеткен жолаушылар автобусына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне тоқталды.

«Биылғы жылдың 26 наурызында аталған автобустың 3 жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет деп сараланды. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары іс материалдарымен танысу сатысында», - деді А. Дүйсембеков.

Тексеру бойынша прокуратура органдары прокурорлық қадағалаудың 85 актісін енгізді, 2.4 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 36 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 52 тасымалдаушы рұқсат қағаздарынан айырылды. 100 лауазымды тұлғаның жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл тұрғыда Бас Прокурор Үкіметке құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді.