Бас прокуратурада Еуропарламент делегациясымен кездесу өтті

0
1 179

Тараптар Әбіләзовтың қылмыстық әрекеттеріне және елдегі қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған амалдарын сынады.


Бас прокуратурада Еуропарламент делегациясымен кездесу өтті

фото: prokuror.gov.kz

Бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Ивета Григуле бастаған Еуропа Парламентінің депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік әріптестерге елімізде жүргізіліп жатқан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама реформалары, қадағалау органдарының рөлі мен қызметі туралы ақпараттар берілді.

Қ. Қожамжаров Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы тәжірибесін Қазақстанда қолдану, атап айтқанда тергеу судьясын енгізу, жасырын тергеу әрекеттерін қолдану, келісімдік және бұйрықтық іс жүргізу, ұстау мерзімін азайту, жазалау мен баламалы бұлтартпау шараларын қолдануды кеңейту, қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығын арттыру туралы айтып берді.

Сондай-ақ депутаттарға Құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысы таныстырылды.

Меймандар Қазақстанның әлемдік түрме рейтингісін 3-тен 73-ші орынға жақсартуға мүмкіндік берген елдегі қылмыстық заңнаманы ізгілендіру тәжірибесіне және процестік заңнаманы жаңғырту шараларына қызығушылық білдірді.

Ивета Григуле мен оның әріптестері Қазақстан прокуратурасының сотталғандарды әлеуметтендіру мен репрессивтілігін төмендетуге бағытталған жұмысына оң бағасын берді.

«Бас прокуратура – құқықтық мемлекеттің түп қазығы. Оған азаматтардың құқықтарын сақтау мен қорғауда бар жауапкершілік артылған», - деді Ивета Григуле.

Кездесу барысында Еуропарламент депутаттарына Қазақстанның сот төрелігінен Еуропа елдерінде жасырынып жүрген бірқатартар тұлғалардың, соның ішінде Әбіләзов пен оның жақтастары, Храпуновтар отбасы, ағайынды Рысқалиевтер, Тайжанов және т.б. қылмыстық әрекеттері туралы баяндалды.

Тараптар Әбіләзовтың қылмыстық әрекеттеріне және елдегі қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған амалдарын сынады.

Кездесуде азаматтардың конституциялық құқығы, жеке өмірге қол сұқпау, сөз бостандығын қорғау мәселелері де талқыланды.

Қ. Қожамжаров Еуропа Парламенті депутаттарына Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестік туралы Келісімнің жасалуына ықпал еткені үшін алғыс білдірді.

«Өзара іс-қимылдың жинақталған тәжірибесі Қазақстанның құқықтық жүйесінің тиімділігін, еуропа кеңістігінде сенімді серіктес болуға дайын екендігін байқатады. Барша халықаралық қауымдастықты алаңдататын ауыр қылмыстардың жазасыз қалмауы тиіс екенін растадық», - деп түйіндеді Бас Прокурор.

Кездесу соңында Қ. Қожамжаров делегация мүшелеріне ризашылығын айтып, өзара ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.