​Бас санитар қызылша туралы: Алаңдауға негіз бар

0
1 395

Бүгінде екпеден бас тартып жатқан адамдардың санын азайту қажет.


​Бас санитар қызылша туралы: Алаңдауға негіз бар

ERNUR.KZ. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин қызылшаға қатысты ескерту жасады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазір алаңдауға негіз жоқ деп айтуға болмайды. Алаңдауға негіз болмаса, мен сіздермен (журналистермен - авт.) кездеспейтін едім. Біз үнемі аурудың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы xалыққа шығып отырамыз. Аурулардың санын ашық айтып жатырмыз. Бүгінде екпеден бас тартып жатқан адамдардың санын азайту қажет. Себебі, балалардың 5 процентіне екпе салмаса, қызылшамен ауыратындардың саны үш есеге көбейіп, 15 процентке дейін жетеді. Оны АҚШ ғалымдары да растап отыр. Қазір алаңдауға негіз бар», - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Бас санитардың айтуынша, республика бойынша қызылша ауруы, көбінесе, екпе алмаған балалардың арасында жиі кездеседі. Олардың үлесі 60 процентті құрап отыр. Балалардың көбісі екпе салатын жасқа - 12 айға жетпеген. Осыған байланысты биыл қызылшаға қарсы екпені 9 айдан бастап салу туралы шешім қабылданды.

«Иммунологтар осы мәселені жан-жақты зерттеп шықты. Екпе салуды 9 айдан бастауға болады. Бұдан бөлек, медициналық мекеме қызметкерлеріне екпе салынады. Себебі олар науқастармен тікелей жұмыс істейді. Қалғаны өз еркімен екпе салғысы келетін азаматтарға беріледі. Вакцинаның бағасы - шамамен, 1300 теңге. Енді қазір нақты бағасын айту қиын. Себебі кедендік рәсімдер, тасымалдау және тағы басқа шығындар бар. Дегенмен, «СК-Фармация» компаниясы ең тиімді бағамен алуға тырысады. Бізге 2 доллар 95 центтен береміз деген. Бірақ келіссөздер аяқталуға жақын. Соңғы бағасы 2 доллар 85 цент болады», - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Айта кетейік, комитет төрағасы қызылша ауруына қатысты кезекті бақылау шараларының нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, Астана қаласында қызылшаның көрсеткіші орташа деңгейден асып кеткен. Соңғы бір аптаның ішінде республика бойынша қызылшаға 438 адам шалдыққан. Олардың ішінде 282 адам - 14 жасқа дейінгі балалар. Осылайша, қызылшамен ауырып қалғандардың 65 проценті балалардың арасында тіркеліп отыр. Астанада он адам жансақтау бөлімінде жатыр.