Bek Air қызметкерлерінің жағдайы қиындап, қарызға батқан

0
673

Жұмыссыз қаламыз ба деп қорқатын әуе компаниясының қызметкерлері комиссияның қорытындысын күтуі тиіс.


Bek Air қызметкерлерінің жағдайы қиындап, қарызға батқан

фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Алматыда «Бек Эйр» компаниясының қызметкерлері наразылық білдірді. Бас кеңсеге жиналған олар жұмыс тоқтағалы, жағдайымыз қиындап, қарызға белшеден баттық деп отыр. Әуе компаниясында жұмыс істейтін 400-ге жуық адам «далада қаламыз ба?» деп те қорқады, деп жазады ktk.kz.

12 адамның өмірін жалмаған апаттан кейін бұл компанияның лицензиясы уақытша тоқтатылып, қызметкерлері ақысыз демалысқа кеткен еді. Қазір "Бек Эйрдің" қызметін шетелдік мамандармен бірігіп арнайы комиссия тексеріп жатыр.

«Бек Эйр» қызметкерлері бүгін қаңырап бос тұрған бас кеңсеге талап-тілектерін жеткізуге жиналды. Амалдың жоқтығынан ақысыз демалысқа шыққан олар алдағы күндеріне алаңдаулы. Ұшқыш, бортсерік, инженер – бас-аяғы 400-ге жуық адам жұмыс тоқтағалы қаржыдан қысылып, күнкөріс қиындай түскенін айтады.

"Менің әріптестерім бар жиналған үндеуін жолдаған. Олардың ипотекасы, кредиттері бар. Жалғызбасты аналар бар. Жұмыс жүрмесе, олар ешқандай айлық алмайды. Осыған орай, қандай да бір төлемақыларын төлей алмай, балашағасын асырау мәселесінде не істерлерін білмей отыр" - дейді бортсерік-нұсқаушы Тұрсын Ахметов.

Апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Сахов тергеу құпиясын алға тартып, ұшақтың құлаған сәті туралы тіс жармады. Тек ол сүйікті жұмысына оралып, көкте қалықтағысы келетінін жеткізді.

"Өзім пилоттарды, бортсеріктерді жақсы білемін. Өзім де емтихан өтемін. Тренингтер жүреді. Өзіміздің жұмысымызды жақсы білеміз" - дейді бортсерік Мұрат Сахов.

27 желтоқсанда Алматы маңында «Бек Эйр» компаниясына тиесілі «Фоккер-100» ұшағы құлап, 12 адам қаза тапқан еді. Қайғылы оқиғадан кейін әуе компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылған болатын. Ал премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр сол уақытта Bek Air-дің әртүрлі лоббистердің көмегімен IOSA сертификатынан бас тартуға тырысып келгенін де мәлімдеген. Тіпті еліміздің Азаматтық авиация комитеті халықаралық стандартқа сай қауіпсіздік сертификатын алуды міндеттеген кезде «Бек Эйр» басшылары қарсылық танытып, сотқа бергені де белгілі болды.

"Мен ешкім де, ешқашан бірбірін қорғап, сөзін сөйлемейді деп сендіргім келеді. Өйткені кеткен кемшілік көп. Халықаралық әуе рейстеріне шығуды жоспарлаған Bek Air компаниясы әртүрлі деңгейдегі лоббистердің көмегімен IOSA сертификатын осы жылдар бойы алмай келген. Бірақ министрлік өрескел заң бұзушылықтарға жол берген жоқ" - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.

Бүгінде отандық әуе компаниясының қызметкерлері ғана емес, жолаушылар да тығырыққа тіреліп отыр. Мәселен, апатқа дейін «Бек Эйрден» билет алған Нұрлан жолынан қалып, жоспары күл-талқан болған. Енді ол билеттің ақшасын да қайтара алмай басы қатып жүр.

"Ақтауға және Ақтаудан 10ы күні ұшуымыз тиіс еді. Бері қарай 21-і қайтуымыз керек еді. Қазір билетімізді қайтардық. Жауап жоқ. «Бек Эйр» телефон алмайды, ешкім тұтқаны көтермейді" - дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрлан Бекбауұлы.

Нұрлан секілді салы суға кеткен жолашылар еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Бірақ билеттің ақшасын қайтара алмай жүрген адамдар әлі де ұзақ күтетін сыңайлы. Өйткені «Бек Эйр» қызметін қазір шетелдік мамандар тексеріп жатыр. Ал жұмыссыз қаламыз ба деп қорқатын әуе компаниясының қызметкерлері комиссияның қорытындысын күтуі тиіс. Содан кейін «Бек Эйрдің» тағдыры да шешілмек.