Bek Air ұшағы апатының жантүршігерлік жаңа видеосы пайда болды

0
679

2019 жылғы 27 желтоқсан күні Bek AIr әуе компаниясының Алматы-Астана бағыты бойынша Z9 2100 нөмірлі рейсін орындайтын Fokker-100 ұшағы Алматы қаласы маңындағы Қызылту елді-мекеніне апатқа ұшырады.


Bek Air ұшағы апатының жантүршігерлік жаңа видеосы пайда болды

ERNUR.KZ. Атышулы оқиға 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы маңында болған еді. Bek Air әуе компаниясына қатысты тараған адам шошырлық жаңа ролик ұшақ кабинасында түсірілген, деп жазады exk.kz.

Ғаламторды дүрліктірген бейнежазбаға зер салсақ, ұшақ диспетчері мен ұшқыш арасындағы диалог анық естіледі. Олар ұшуға толықтай дайын екендерін айтып, бір-біріне сәттілік тілеген.

Алматы. 27 желтоқсан, 2019 жыл. Сағат 7:21. Апатқа бір минут қалғанда,— деп жазылған видеода.



Санаулы секундтан соң жолаушылар ұшағын басқарушылар кенеттен оқыс оқиғаға тап боларын сезіп, бірден жанталаса жағдайды реттеуге тырысады. Алайда жүйткіген әуе көлігі жақын маңдағы үйлердің біріне соғылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 27 желтоқсан күні Bek AIr әуе компаниясының Алматы-Астана бағыты бойынша Z9 2100 нөмірлі рейсін орындайтын Fokker-100 ұшағы Алматы қаласы маңындағы Қызылту елді-мекеніне апатқа ұшырады. Соңғы деректерге сәйкес ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 жолаушы қайтыс болды.

Алғашқыда апаттың үш себебі айтылды: экипаж қателігі, техникалық ақаулық және навигациялық қызмет жұмысы. Кейін әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрғаны анықталып, ұшақтың сыртына мұздың қатып қалуы — негізгі себеп екені айтылды. Өз кезегінде Bek Air компаниясының басшылығы апат себебі ретінде Z92100 рейс ұшағынан бір минут бұрын әуеге көтерілген ұшақ қалдырған әуе ізі болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған еді.