Белгілі қазақстандық журналист АҚШ-қа қоныс аударды

0
1 598

Ғалым Боқаш елде сөз бостандығы мен мультимедиа журналистика үлгілерін насихаттау үшін біраз күш салған


Белгілі қазақстандық журналист АҚШ-қа қоныс аударды

ERNUR.KZ. Белгілі қазақстандық журналист Ғалым Боқаш АҚШ-қа қоныс аударды. Оның отанынан жыраққа көшуіне отбасылық жағдай мен қызмет бабы себеп болыпты, деп жазады Stan.kz.

Өз сөзінде Ғалым Боқаш соңғы 9 жылға жуық уақыт көлемінде Прагадағы халықаралық медиа компанияда жұмыс істеп, білімі мен тәжірибесін бөлісіп, өзінің көп дүниені үйренгенін, елде сөз бостандығы мен мультимедиа журналистика үлгілерін насихаттау үшін біраз күш салғанын атап өтті. Оқыған-тоқығанымды Қазақстанда қызметте жүргенімде көптің пайдасына жаратуға тырыстым, дейді ол.

«Енді отбасымның жағдайы, болашақ зерттеу жұмысы мен қызмет ыңғайына орай АҚШ-қа қоныс аударып бара жатырмын. Бұрылып соңыма көз салсам, бағып-қаққан әке-шешемнің, құлдыраңдап қасымда өскен қарындасымның, Тәңір тағала үзеңгі жолдас қылған небір жақсы мен жайсаңның жүзін көрем, демеуін сезем, дұға-тілегін естимін. Дүниеден озғандарын дұғамнан қалдырмаймын. Соңғы бірнеше апта бойы қимай қоштасып, жүрекжарды сөздерін айтып жатқан Астана, Алматы мен Прагадағы әріптестеріме алғысым зор, құрметім ерекше. Жақсылыққа һәм жарыққа ұмтылуыма себеп болған осындай бір тумаса да, жаны туыс болып кеткен жақсы һәм жарық жандар екенін білем, ұмытпаймын, қадір тұтам, шексіз сүйем. Құдай қосқан жарымның көңілін бүтін етіп, қос қызымның білімін ұштап, денсаулығын сақайту үшін осындай шешім қылуға тура келді», – деп жазды журналист Facebook желісінде.

Сонымен қатар ол қай елде жүрсе де, қазақ тіліндегі ақпарат пен мәдени кеңістіктің ажырамас бөлшегі болып қала беретінін және сол кеңістікті дамытып, кеңейтуге үлес қоса беретінін жеткізді.