Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды

0
1 329

Композитордың нақты неден қайтыс болғаны әлі белгісіз.


Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев 74 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Композитордың нақты неден қайтыс болғаны әлі белгісіз.

Кеңес Дүйсекеев туралы не білеміз

Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1974-1976 жылдары “Гүлдер” ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған.

Дүйсекеевтің жетекшілігімен “Тамаша”, “Халық — талант қайнары”, “Шабыт”, “Жастарға арналған музыкалық кештер”, “Музыка әлемінде”, т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды.

1984- 1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі.

Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.