​Бес мемлекеттің елшісі Қазақстандағы қызметіне кірісті

0
1 180

Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады.


​Бес мемлекеттің елшісі Қазақстандағы қызметіне кірісті

ERNUR.KZ. Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады, деп жазады Премьер-Министрдің ресми сайты.

Атап айтқанда, Ливаннан – Жискар Әл-Хури, Украинадан - Иван Кулеба, Бразилиядан - Марсия Доннер Абреу, Германиядан - Тило Клиннер, сондай-ақ, Пәкістан Ислам Республикасының атынан Имтиаз Аxмад Кази ежелгі дәстүр бойынша өз президенттерінің сәлемін жеткізіп, екі жақты байланыстарды нығайтуға уәде берді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің сенім грамоталарын тапсырды. Ливан Республикасының елшісі Жискар Әл-Хуридің айтуынша, аталған мемлекетте Қазақстанның жетістіктерін жіті қадағалап отырады. Әсіресе, ядролық қарусыз әлемді құрып, тең құқылы қарым-қатынасты жүргізу ұстанымын қолдайды. Ливан да осы көзқарасты ұстанады.

«Біз де көпұлтты саясатты жүргізіп келеміз. Негізі, біздің достығымыз екі елдің ынтымақтастығын күшейтіп қана қоймай, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда қауіпсіздікті де сақтауға мүмкіндік беріп отыр», - деді Ж.Әл-Хури.

Ал Бразилия елшісі Марсия Доннер Абреу шараға келген журналистермен қазақ тілінде амандасты. Оның айтуынша, Бразилия мен Қазақстан географиялық жағынан бір-бірінен алыс орналасса да, дамушы экономика мен көпұлтты саясат жағынан ұқсас. Елші xаным МЕРКОСУР (Mercado Comu'n del Cono Sur - MERCOSUR) мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында байланыс орнатуды қолдайды. Аталмыш сауда-экономикалық одаққа Аргентина, Бразилия, Парагвай мен Уругвай кіреді.

«Бәлкім, болашақта екі одақтың арасында өзара сауда туралы келісім рәсімделеді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика, тау-кен, мәдениет пен спорт саласында тығыз қарым-қатынас орнатуға болады деп ойлаймын. Қазақстанда велоспорт жақсы дамыған. Ал Бразилияда футболды жақсы көреді. Сосын бізде аудиовизуалды индустрия жақсы дамып келеді. Дипломатиялық академиялар арасында тағыз қарым-қатынас орнатылған. Мысалы, қазір бір қазақстандық дипломат біздегі академияда дәріс алып жүр. Қазақстандағы академия да өз шақыруын жіберді. Бразилияның конгресі үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондықтан мен екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге күш саламын», - деп атап көрсетті М.Доннер Абреу.

Германия елшісі Тило Клиннер екі елдің қазіргі сауда-саттығын «жақсы» деп бағалады. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан мен Германия арасындағы бір жылдық сауданың көлемі 6 млрд еуродан асып отыр. Соның басым бөлігі шикізат секторына тиесілі.

«Негізі, қазіргі сауда-саттықты екі есеге арттырып, 10 млрд еуроға жеткізуге болады. Осы мақсатқа алдағы үш жылда жетуіміз керек», - дейді Т.Клиннер.

Оның айтуынша, неміс компаниялары Қазақстанға келіп, жұмыс істеуді қалайды. Мәселен, осы айда «Wilo» компаниясы Алматының жанында өз өндірісін ашпақшы. Сөйтіп, су сорғыштарын Орталық Азияға ғана емес, Кавказ елдеріне де сататын болады. Украина мен Пәкістан елшілері де екі жақты байланыстарды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.