Білім министрі маңызды бастама қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді

0
643

Министр балалар ғана емес, олардың ата-аналары да экологиялық сауатты болуы керек екенін айтты.


Білім министрі маңызды бастама қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде экологиялық білімді енгізу қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында жазды.


Көбейтұз көлінің ластануына және Каспий теңізіндегі итбалықтарды ұруға байланысты қоғамдық резонанс туғызған оқиғалар экологиялық мәдениет пен экологиялық тәрбиенің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл бағытта түрлі институттар жұмыс атқаруы тиіс, дегенмен білім беру мекемелерінің рөлі мен орны ерекше, - деп атап өтті министр.

Министр жазғандай, балаларға ерте жастан бастап табиғатты аялауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, ресурстарды ұтымды пайдалануды үйрету аса маңызды.

Экологиялық тәрбие жауапкершілік, адамгершілік және ізгілік деген ұғымдарды да қамтиды.

Мемлекет басшысы мектептерде экологиялық білімді енгізуді тапсырғаннан кейін, біз әріптестерімізбен және сарапшылармен қолданыстағы оқу бағдарламаларына талдау жасап, бірнеше шешім дайындадық. Олардың басым бөлігі биыл іске асырылады. Жалпы, білім беру ұйымдарында құндылыққа бағытталған оқыту мен тәрбиелеу – біз үшін маңызды, - деді Аймағамбетов.


Министр экобілімге қатысты қандай жұмыс жасалатынан жазды.

1. Экобілім түп негізден басталуы керек. Сондықтан жаңа оқу жылында барлық мектепте экология тақырыбы бойынша арнайы сынып сағаттары өткізіледі. Қазір педагогтеріміз бен сарапшылар барлық сыныптарға арналған бағдарламаларды даярлау жұмыстарын пысықтап жатыр. Бұдан бөлек экологияға қатысты тақырыптарды мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына енгізу мәселесі қарастырылуда. Арнайы пән мәселесі бойынша да әдістемелік жұмыс жүргізілуде.
2. Балалар ғана емес, олардың ата-аналары да экологиялық сауатты болуы керек. Олар өз балаларына табиғатты қорғауда, оны ластамауда ісімен, іс-әрекеттерімен үлгі бола білуі қажет. Бұл жұмысты жүргізудің маңызы - зор.
3. Балалар үшін байқауға қатысуға дайындық кезінде жаңа ақпаратты зерделеу, оны тұрмыста пайдаланып, нәтижесін көру өте қызықты. Сондықтан "Дарын" орталығы базасында экологиялық бағыт бойынша ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Эко-квестер, шеберлік сағаттары, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау және т.б. жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Олар балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, шағын зерттеу жұмыстарынан басталып, ғылыми жобаларға ұласатын болады.
4.Қосымша білім беру бағытының рөлі де ерекше. Үйірмелер, клубтар, Балалар сарайларыңың жұмысы арқылы да осы жұмысты жандандыратын боламыз.
Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылында БҰҰДБ-мен бірлесіп оқушылардың экологиялық мәдениет, экологиялық білім және тәрбие деңгейін арттыру бойынша жаңа жобаны іске асыруды бастайды.
Жоба аясында:
– Жер, Ауа, Су, Энергия сияқты маңызды экологиялық аспектілерді қамтитын ақпараттық-білім беру бағытында бейнесюжеттер, көпсериялы анимациялық бейнероликтер түсіріледі. Сондай-ақ осы бағыттар бойынша интерактивті онлайн-сабақтар дайындалады.
– Біз эко-акциялар, тақырыптық көрмелер, мектепті үздік көгалдандыру байқаулары сынды іс-шаралар сериясын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз.
– Білім беру ұйымдары жанынан экологиялық алаңдар (жылыжай кешені, тиімді жарықтандыру, күн панельдері, тамшылатып суару, сенсорлық крандар және т. б.) құрғымыз келеді.
– Педагогтеріміз де біліктіліктерін арттырып, экологиялық білім беру саласындағы түрлі ұйымдармен және сарапшылармен өзара жұмыс істейтін болады.


Министр экологиялық мәдениет жалпы мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін жазды.

Балаларымыз қоршаған ортаның қалай өзара қарым-қатынас жасайтынын біліп, бұл дағдыларды ересек өмірде де қолданғанын қалаймыз. Олар адамдардың күн сайын қандай экологиялық із қалдыратынын біліп, түсінуі қажет. Мысалы, бір ғана қарапайым көйлекті өндірудің өзіне қанша су жұмсалатынын түсіну (2700-3000 литр), ұялы телефондарды, тұрмыстық техникаларды, көлік, ұшақтарды пайдалану барысында қандай элементтер қажет етілетінін, олардың табиғатқа тигізетін зияны мен орнын толтырудағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылатынын ұғынуы керек, - деді ол.

Экобілім бізді үнемділікке үйретеді және ол ұлттық мәдениетімізде ежелден бері келе жатыр. Бабаларымыз "Судың да сұрауы бар" деп, ресурстарды ысырап қылмай, орнымен пайдалануға шақырған.

Экологиялық білімнің тұжырымдамасын әзірлеу кешенді түрде жүріп, білім беру ұйымдарының жұмысында маңызды орын алатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы орындалады, - деп сөзін қорытындылады министр.