Білім министрлігі Шымкентте есірткі сатқан оқытушыға қатысты мәлімдеме жасады

0
789

Дауға қалған университет жеке оқу орны екені белгілі болды.


Білім министрлігі Шымкентте есірткі сатқан оқытушыға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан Ғacebook парақшасына Шымкентте табылған есірткі притонына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Қазақстанның бірнеше бұқаралық ақпарат құралында Шымкент қаласы университеттерінің бірінің спорт кешенінде жедел іс-шаралар жүргізу кезінде есірткі притоны табылғаны туралы жаңалық жарық көрді. Аталған факті бойынша ол жекеменшік оқу орны екенін хабарлаймыз. Жоғарғы оқу орнына мемлекеттік білім беру тапсырысы берілмеген", - дейді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі.

Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, болған жайттың мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

"Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ осы мақсатта орын-жай беру" бабы бойынша алдын ала тергеу жүргізілуде", - деп атап өтті министрдің кеңесшісі.

Қылмыстық кодекстің бұл 302-бабы бойынша 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, 19 шілдеде Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында қала университеттерінің бірінің спортзалында есірткі затын тұтыну үшін притон ұйымдастырылғанын анықтағанын,хабарлаған болатынбыз.