Білім саласының ардагерлері Үкіметке арызданды

0
1 083

«Білім туралы» заңда да орта білім жалпы білімнің бір сатысы ретінде белгіленген. Осылайша, министрліктің қазіргі жоспарлары конституциялық нормаларға да, заңға да қайшы.


Білім саласының ардагерлері Үкіметке арызданды

ERNUR.KZ. «Нұр Отан» фракциясы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Депутат Бейбіт Мамраевтың айтуынша, Парламент Мәжілісіне кәсіптік-техникалық білім саласының ардагерлері мен жұмыс берушілерден үндеу түсті. Соның негізінде Үкімет басшысының атына депутаттық сауал әзірленді. «Олар білім және ғылым министрлігінің шешіміне алаңдап отыр. Аталған меморган кәсіптік-техникалық білім бойынша мемлекеттік стандарттардан жалпы білім беру пәндерін алып тастауды жоспарлап отыр. Соның салдарынан колледжге түскен жастар жалпы білім ала алмайды. Ал Қазақстан Республикасының 30-бабы, 1-тармағы бойынша тегін орта білімге кепілдік берілген. Ел азаматтары оны міндетті түрде алуы қажет.

«Білім туралы» заңда да орта білім жалпы білімнің бір сатысы ретінде белгіленген. Осылайша, министрліктің қазіргі жоспарлары конституциялық нормаларға да, заңға да қайшы. Ондайда азаматтардың орта білім алуға қатысты құқықтары шектеледі», - деді Б.Мамраев бүгінгі пленарлық отырыста.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы 9 қаңтарда министрлік арнайы жоспарды қабылдады. Онда өндірістік оқытумен айналысатын ұстаздар мен мамандарды басқа жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылған.

«Орта білім пәндерін алып тастап, оның орнына практиканың уақытын ұзартуға жұмыс берушілер де дайын емес. Осының салдарынан жастар арасында кәсіптік-техникалық білімге деген сұраныс төмендеп кетуі мүмкін», - деп атап көрсетті Б.Мамраев.

Айта кетейік, пленарлық отырыста «Ақжол» фракциясы да өз депутаттық сауалын жолдады. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатировтың айтуынша, өткен жылы «Күнделік» ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарынан өте алмады. Соған қарамастан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылды.

«Күнделік» ЖШС директоры Александр Григорян да, министр де аталған жүйені қолданғаны үшін ақы алынбайтынын талай рет айтқан. Бұл дегеніміз, электронды сабақ кестесі, электронды журнал, күнделік, мектептің ішкі желісі, баланың сабақ үлгерімі туралы есеп, әдістемелік материалдар, үй жұмыстары, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы хабар алмасу - бәрі-бәрі тегін болуы шарт. Оны компьютер, гаджет пен смартофонға жүктеу міндеті де болмауы қажет», - дейді К.Абсатиров.