Бір айда екі рет ақша берген: ШҚО-да көпбалалы аналар сотқа шақырту алды

0
718

Көпбалалы аналар кінә бізден емес, комиссия мүшелерінен деп отыр.


Бір айда екі рет ақша берген: ШҚО-да көпбалалы аналар сотқа шақырту алды

ERNUR.KZ. Арнайы әлеуметтік көмек алған шығысқазақстандық көпбалалы аналарды сотқа шақырып жатыр. Бүгінге дейін табысын жасырып қалды деген шағыммен 23 ананың ісі сотқа жетіпті, деп жазады Skifnews.kz.

Ал аналар болса, кезінде комиссия келіп қарап, өздері бекіткен шешімнен енді айнып отыр дейді. Әкімдік қызметкерлері, тіпті, бір айда бір отбасына екі рет атаулы әлеуметтік көмекті төлеп қойып, артынан қайтарып алған.

ШҚО тұрғыны Аида Абдрахманованың күйеуі жол апатына түсіп, екі аяғынан бірдей айырылған. Жұмысқа жарамсыз. Достары көмек болсын деп қаңтар айында көлік сыйлаған екен. Бірақ, ол жүрмейді.

Сәуір айында комиссия келіп көріп, жәрдемақы беруге болады деп шешім қабылдаған. 4 ай өткен соң 4 баласына тағайындалған жәрдемақыны қайтар депті. Қазір көпбалалы ана жәрдемақыны емес, жүрмейтін көлікті қайтарып берейін деп отыр.

«Көлікті қайтарайын десем, оған келіспеді. Қазір 612 575 теңге қайтаруым керек екен. Күйеуім жұмыс істей алмайды», - дейді Арай.

Көпбалалы аналар кінә бізден емес, комиссия мүшелерінен деп отыр. Мәселен, Раушан Төлеубекованың жолдасы әскери қызметте. Бастапқыда пәтер жалдау үшін мемлекеттен берілетін ақша есептелмейді деген соң құжаттарын өткізіпті. Енді түрлі сылтау айтқан қызметкерлердің сөзіне қалай сенерін білмейді.

Ал әлеуметтік көмекті берушілер мұнымен келіспейді. Бар мәселені базаға сілтеп, ақшаны қалай да қайтарып алатынын айтты. Айтуларынша, 8 млн 300 мыңнан астам сома өндірілуі тиіс.

Мамандар «Е-Халық» қызметінің кемшіліктері болғанын айтады. Бір айда екі рет жәрдемақы төленгені рас. Алайда, оны сотқа жеткізбей қайтарып алған.