Бір отбасы түгелдей суға батып кете жаздады

0
653

Олардың бірі 4 жасар бала.


Бір отбасы түгелдей суға батып кете жаздады

ERNUR.KZ. Петропавлда құтқарушылар Есіл өзеніне қайықпен шығып, суға кете жаздаған отбасыны құтқарып қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 29 шілде күні болған. Бір отбасының үш адамы, оның біреуі 4 жасар бала, Есіл өзеніне резеңке қайықпен шыққан. Біраз жүзгеннен кейін қайықтың моторы істен шығып, ішіне су кіре бастаған. Қала тұрғындары «112» телефон нөміріне қоңырау шалып, көмек сұрапты.

Оқиға орнына бірден екі құтқарушы шығып, моторлы қайықпен лезде жетті. Мамандар үш адамды аман-есен жағаға жеткізді. Олардың ешқайсысына медициналық көмектің қажеті болмады.

«Резеңке қайықтың моторындағы бұрандаға балық аулайтын ау оратылып қалған екен. Салдарынан қозғалтқыш істен шыққан. Қайықтың ішіне де біраз су кіріпті. Дер кезінде көмек көрсетудің нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ», - дейді құтқару бөлімшесінің жетекшісі Сергей Черкасов.