Бір үйір жылқы егілген астықты бір түнде таптап кетті

0
3 431

Бірі бидай өсірген, бірі жылқы баққан екі ауыл арасында реніш туындаған.


Бір үйір жылқы егілген астықты бір түнде таптап кетті

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Жеке қожалықтағы 370 гектар жерге әупірімдеп егін салған шаруаның астығын көрші ауылдың 600 бас жылқысы бір түнде таптап ойранын шығарған, деп жазады ktk.kz.

Диқанның еңбегі ақталмады! Шағын шаруасын құнттап Ақмола облысындағы Айғыржал ата қонысында жалғыз қалған Бейсенбаевтар отбасы шығынға белшесінен батты. Қожалығындағы 370 гектар жерге әупірімдеп егін салған шаруаның астығын көрші ауылдың 600 бас жылқысы бір түнде таптап ойранын шығарған. Қазір ауыл тұрғындары алқап иесінен кешірім сұрап, бір мәмілеге келе алмай жатыр.

Бір түнде барынан айырылып, көрші ауылдың тұрғындарына өкпелеп тұрған Наурызбай Бейсенбаев, олар жылқысын алқапқа «әдейі жіберді» деп санайды. Өйткені бұл жағдай осымен бірнеше рет қайталанған. Шаруа сақтық жасап ауыл әкімін де ескертіпті. Бірақ құлақ асқан жан жоқ. Ортақ ауылындағылар жылқы ұстайды, бірақ жылқышысы жоқ. «Өздері кезектесіп баққан соң, ойына келгенін істеп жүр», - дейді ол.

"Үйірімен өтіп отыр ғой. Осы шеттен бастап ар жақ шетке дейін. Енді, міне, бас астықтан қалғаны осы, түк те қалған жоқ деуге болады. Әдейі істеді деймін. Өйткені жылқышылар таңертең келгенде жылқыны қай жерден іздейтінін біліп тұрды" - дейді шаруа қожалығының басшысы Наурызбай Бейсенбаев

Пісіп, ораққа түскелі тұрған астықтан 600 бас жылқы таптап кеткеннен кейін тек сорайған сабақтары ғана қалған. Енді алқап оруға мүлдем келмейді. Сонда төккен тер мен кеткен еңбекті айтпағанда, жұмсалған қаржы «желге ұшқаны ма» деп налиды шаруа.

Ауа райы қолайсыз болып, шаруашылық ораққа бір күн бұрын ғана кіріскен екен. Бірнеше атжал ғана сұлатып үлгерген. Оның өзі де тапталып қалған. Ортақ ауылының тұрғындары таң атпай Айғыржалдағы шаруадан төрт аяқты мал үшін «ашуыңды қи» деп келіпті. Ыңғайға көнбеген соң, малды қамағаның үшін жауап бересің деп доқ та көрсеткен болды.

"Қазақ елі болғаннан кейін малмен күн көріп отырмыз ғой. Малдан басқа күнкөріс жоқ Ортақ ауылында. Наурызбайға бүгін елдің атынан кешірім сұрап келіп отырмыз. Егер ол малдың басы болмаса ше, мен қайтадан мынаған келем. Сен неге қамайсың менің рұқсатымсыз?" - дейді Ортақ ауылының тұрғыны, Алпамыс Қожин.

"Екі ауылдың арасында мынадай даудамайдың болғанын қаламаймыз. Бүкіл ел азаматы, Ортақ елінің азаматтары бұл кісіден келіп кешірім сұрап тұр. Басымызды иіп тұрмыз. Кінәмізді біліп тұрмыз. Жылқы бағу мәселесі қиын. Жердің тарлығы да қиын болып тұр" - дейді Мархабия Ерғалиева, Ортақ ауылдық округінің әкімі.

Жылқышылар 200 бас жылқыны Ортаққа қарай айдап қашқанда 400-і қуғыншының қолында қалған. Кәсіпкер малды ауылға әкеп қамап, полиция шақырып, жерді актілеуге кіріседі. Енді үйір-үйір жылқысын кезектесіп бағатын Ортақ ауылынан ортақ жауап бола ма, әлде шығынды сол түнгі жылқышылар мойнына ала ма, ол жағын сот шешеді.