"Бірінші рет ұшаққа отырғанымда апатқа тап болдым": Аман қалған жолаушы апат жайлы айтып берді

0
948

Зухра жаңа жыл қарсаңында Нұр-Сұлтанда тұратын әпкелеріне барып қайтпақшы болған.


ERNUR.KZ. Ұшақ апатынан аман қалған 17 жастағы Маңғыстау облысының Құрық аулының тұрғыны Зухра Айболатова оқиға жайлы баяндап берді, деп жазады Stan.kz.

Зухра Алматы қаласында білім алады екен. Жаңа жыл қарсаңында ол Нұр-Сұлтанда тұратын әпкелеріне барып қайтпақшы болған.

"Басында бәрі де жақсы болды. Ұшаққа отырып, тезірек жақындарымызды көруге асықтық. Ойымызда ешнәрсе жоқ. Ұшақ әуеге көтерілмес бұрын әкеме қоңырау шалып, бәрі жақсы екендігін айттым. Әкем мен бірінші рет ұшаққа отырып жатқандықтан, қатты қобалжыпты. Ұшақ ұшу жолығымен келе жатқанда сілкінді. Содан кейін әуеге көтерілмекші болған борт екі рет жерге төмендеп, артынша барып үйдің үстіне бір-ақ құлады", -жеп жазды студент қыз.

Ол әуе борты құлағаннан кейінгі аласапыранды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді.

"10-15 секундтың ішінде өмірім көз алдымнан өте шықты. Қазір ғана күліп-ойнап отырған адамдар енді жан дауыстарымен айқайлай бастады. Қай жаққа қарасан адамдардың дауысы шығып жатыр, біреулер жылап жатыр, дым түсініксіз. Ұшақтың астаң-кестеңі шыққан, адамдар не істерін білмей абдырап жүр. Баласы бірге болған ата-аналар дал болып, оларды шақырып, іздеді. Мен есімді жиған кезде үстімді белгісіз бірнәрселер басып қалғандығын аңғардым. Босанып шықсам, менің жанымда бір ер азамат жатыр. Аяғы сынып кеткен, сыртқа шығып тұрған сүйектері көрінеді. Мен оның жаныда қалып, оған көмектеспекші болдым. 40 минуттай жанында отырдым, бір кезде ол мені сыртқа шыға беруімді өтінді", - дейді бойжеткен.

Апаттан кейін Зухраны ауруханаға жеткізіпті, абырой болғанда, оның денсаулығына қатты зиян келмеген. Оның тек табан сүйектері шытынап кеткен.

"Неге екені белгісіз ата-анамның телефон нөмірлерін еске түсіре алмай қойдым. Оларға тірі қалғанымды айтқым келген еді. Сол үшін әлеуметтік желі арқылы құрбыма аман екенімді айтып, одан ата-анаммен хабарласуын сұрадым. Байғұс әке-шешем жағдай туралы естігенде өздерін қоярға жер таппапты", - деді аман қалған жолаушы.

Зухра бірнеше адамның өмірін қиған ұшақ апаты менің жадымнан ешқашан кетпейтіндігін алға тартты.

"Бұл жағдайдан кейін мен ұшаққа отырудан тіпті қорқып қалдым. Оның үстіне бұл менің алғашқы рет әуеге көтерілуім болуы керек еді. Жақын арада ауруханадан шығамын. Демалыс күндерімді отбасымның жанында өткіземін деген ойдамын. Бірақ оларға тезірек жету үшін тағы да ұшаққа отыруыма тура келеді", - деп қосты Зухра.

Зухраның әпкесі жақын арада туған ауылдарына ұшайын деп жатқандарын айтты. Сөзінше, Зухра апат болған ұшақта жеке куәлігін түсіріп алған. Олар Bek Air әуе компаниясына хабарласса, ешкімде жауап бермепті. Сол себепті ұшаққа билет ала алмай отыр екен.

Бұған дейін апатқа ұшыраған ұшақтың тағы бір жолаушысы оқиға жайлы айтып бергенеді. Ер азамат Bek Air ұйымы кінәсі анықталмаса да, олардың маңдарына аттап жоламаспын дейді.