​Бірқатар аймақта күнбағыс майын қымбаттатуға тыйым салынды

0
877

Осындай шешімге әзірге тек бес облыстың әкімі қол қойыпты.


​Бірқатар аймақта күнбағыс майын қымбаттатуға тыйым салынды

фото: кадрдан скринделген

Еліміздің бірқатар аймағында күнбағыс майын қымбаттатуға тыйым салынды. Енді дүкендерде сұйық майдың литрін 608 теңгеден асыруға болмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Осындай шешімге әзірге тек бес облыстың әкімі қол қойыпты. Бірақ оған саудагерлер риза емес. Себебі: көтерме бағамен бұл сомаға тауар табылмайды дейді. Ал қалған өңірлерде сұйықмай құнына ешкім шектеу қоя алмай отыр.

Қарағандыда күнбағыс майының құны ұшып тұр. Мұндағы көтерме базардың өзінде ең арзаны литрі 750-800 теңгеден сатылуда. Тұрғындар күннен-күнге қымбатшылықтың қысып бара жатқанына ашынғанымен, ең қажет тауар болғандықтан бағасына қарамай алуға мәжбүр.

«Неге өсті, сендер бағасын өсіріп жатырсыңдар» деген сөздерді естиміз. Ренжулі. Ең қажет азық қой. Адамдар қатты күрсініп, налып жатыр" - дейді сатушы Зәуре Әубәкірова.

Сұйық май құнын көтермеу үшін еліміздің бес облысының әкімі қаулы қабылдады. Бұл аймақтарда майдың литрін 608 теңгеден асыруға тыйым салынған. Егер дүкендер ойына келген бағаны қоятын болса, кәсіпкер айыппұл төлейді. Күнбағыс майына қатысты шектеу 90 күн бойы күшінде болады.

"Баға көтерілгеннен бері біз облыстың қаулысымен шектеу баға қойдық. Қазір Ақтөбе облысында 608 теңге. Ол Ақтөбе облысына, сонымен қатар бізден басқа тағы бес облыста шектеу бағасы бар. Ол: Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары"- дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Сатушылар әкімдердің бұл шешіміне ашуланып отыр. Өйткені көтерме бағамен алған күнде де 608 теңгеге сұйық май табылмайды дейді. Тіпті Ақтөбе облысы әкіміне тікелей бағынатын қордың өзінде күнбағыс майы таусылған.

"Шемішке майы келіп жатыр, 630 теңгеден. Оларға 608-бен беріңдер деп айта алмаймыз. Қорда жоқ. Жыл басынан бері жоқ" - дейді базар әкімшісі Асқарбек Қойлыбаев.

Күнбағыс майының қымбаттауына шикізат қорының азаюы себеп болыпты. Шығыстағы ең ірі зауыттың өзі пістенің жоқтығынан өндіріс көлемін азайтқан. Шекілдеуіктің құны да базарда шарықтап тұр. Көкшетауда шемішкенің бір келісі сұрыпына байланысты 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Өскемен мен Алтай өңірінен әкелінетін майлы дәнді дақыл соңғы күндері 200 теңгеге қымбаттаған.

"Бүкіл жерде қымбаттап жатыр.Өздерің бағаны көтересіңдер дейді. Біз көтермейміз. Шемішке расында қымбат. Біз 250 теңгеден сататынбыз. Көтерме 250 теңгеден сататынбыз. Ал қазір өзіміз 380 теңгеден аламыз. Сондықтан жекелеп алғанда – 500, көтермесі – 450 теңге сатамыз" - дейді сатушы Гүлшырын Жолдасова.

Күнбағыс майы былтыр 30 пайызға, жыл басында 20 пайызға қымбаттаған. Ал соңғы бір айда 10 пайызға көтеріліпті. Осылай кете берсе, тамақты майсыз әзірлейтін боламыз дейді тұрғындар. Күнбағыс майының қат тауарға айналуы да бек мүмкін.