Біртанов: Қазақстан сырттан жұмысшылар тартуды тоқтатты

0
638

​Қазақстанның өзге елдермен арадағы инвестициялық жобалар аясында 20 мыңнан астам шетелдік маманға квота берілген еді. Алайда коронавирусқа байланысты әлемде орнаған жағдай бұл жоспарға өзгерістер енгізбек.​


Біртанов: Қазақстан сырттан жұмысшылар тартуды тоқтатты

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. 1 наурыз күні коронавирус індетінің қаупі жоғары елдердің тізімі жаңартылады. Осыған байланысты ел үкіметі шетелдік жұмысшыларды Қазақстанға әкелуді уақытша тоқтатты. Оларды қазақстандық жұмыс күшімен алмастыру мәселесі қарастырылып жатыр, деп жазады "Хабар-24".

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистермен өткен кездесуде мәлімдеген. Ведомство басшысы келтіргендей, Кореяда жүрген қазақстандықтар елге қайтар болса, олар тиісінше екі апталық карантинге орналастырылады.

"Қазір корей елінен Қазақстанға қайтқысы келетін қанша отандасымыздың барын анықтап жатырмыз. 30 мыңнан аса қазақстандықтың 25 мыңы елге оралғысы келеді делік. Қазір біздегі жұқпалы аурулар ауруханасында 7 мыңға жуық орын бар. Олардың барлығын бір мезетте жеткізу мүмкін емес екені түсінікті. Әлемнің көптеген елінде вирус жұқтырды деген күдікке ілінгендердің кейбірі үйлерінде жатып ем қабылдайды. Оларды дәрігерлер үздіксіз бақылайды. Сол тәжірибені қолдануымыз әбден мүмкін" - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан Біртанов.

Қазақстанның өзге елдермен арадағы инвестициялық жобалар аясында 20 мыңнан астам шетелдік маманға квота берілген еді. Алайда коронавирусқа байланысты әлемде орнаған жағдай бұл жоспарға өзгерістер енгізбек. Денсаулық сақтау министрі мәлімдегендей, ел үкіметі шетелдік жұмысшыларды Қазақстанға әкелуді уақытша тоқтатты. Оларды қазақстандық жұмыс күшімен алмастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

"Көбісі келмей жатыр қазір. Ол мәселе біз тоқтатқаннан емес, өздері келмей жатыр. Сонымен біз осы жобаларды өзіміз ары қарай жалғастыруымыз қажет. Осындай шешім қабылданып жатыр" - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі, Елжан Біртанов.